Өлең, жыр, ақындар

Екінші суайт (І)

  • admin
  • 10.04.2024
  • 0
  • 0
  • 36
Көпшіліктің алдында,
Бұлтқа шығып алдым да,
Дәнекердің ұшқынын
Айналдырдым жаңбырға.

Судан ою оямын,
Көрмеге мен қоямын.
Деп,- лакмус қағазбен
Мұхит түбін боядым.

Бар денесін тон қысқан,
Ауырлықтан зорға ұшқан.
Шыбынды атып түсірді,
Мерген екен көр тышқан.

Пайда істеумен халыққа,
Кеме айдадым арықта.
Ұшып батпырауықпен
Қармақ салдым балыққа.

Не болғанын ұға алмай,
Сүйектері сынардай,
Түйе балдан бір тамшы
Қалды әуре боп шыға алмай.

Тыным таппай күніне,
Түнеместен ініне,
Ұя салды рельстен
Шымшық жусан түбіне.

Шіркей жұтып сүлікті,
Бастапты бір бүлікті.
Қанден біткен маңырап,
Ал, шошқалар үріпті.

Таң қалдырып бұланды,
Есек айтты бір әнді.
Шіркін, демі күшті екен,
Сейілткені тұманды.

Пілді шертіп құлаттым,
Шілді үрлеп сұлаттым.
Сағат маятнигіне
Таңып сәби жұбаттым.

Құрық салып құр атқа,
Ұйықтамап ем бір апта.
Қасым қағып қанатын,
Ұшып кетті жыраққа.

Көктем өтіп, қыс болды,
Түннен кейін түс болдыц.
Ал, Марстық достарым
Бүгін үш – төрт түстенді.

Ұясынан керіктің
Лағын таптым еліктің.
Сүт орнына шіркінге
Мұнай беріп семірттім.

Ерлігіме биылғы
Жұрт таңырқап жиылды.
Буды есіп арқан қып,
Сүйредім дәу құйынды.

Мөлдір сумен өрілген,
Құдық қаздым төрімнен.
Домна пештен қайнаған
Металл алдым қолыммен.

Бір бос орын табылды,
Қамап қойдым жанымды.
Орамал қып сүртіндім
Алаулаған жалынды.

Мәнді өтті бұл күнім,
Қамын ойлап жылқының.
Қырық құрық жасадым
Бір талынан шырпының.

Қамау үшін түйемді,
Қора қылдым бүйенді.
Қазық қағып ауаға
Арқандадым биемді.

Қар мен мұздан бүйінің
Тоқыдым мен киімін.
Жамылып ем шапанын
Жауыр болды иығым.

Әтеш таңнан жырлады,
Мынау айтып тұрғаны:
Шақпақ қантты салып ем,
Мұхит суы құрғады.

Алу үшін қаймағын,
Бұлтты арқанмен байладым.
Таң атқан соң қарасам,
Жеп қойыпты тайлағым.

Май алдым да өріктен,
Тасыдым да бөрікпен.
Бір арықтан зорға өттім,
Көпір жасап көбіктен.

Сақтаймыз деп жаныңды,
Дәрігерлер сабылды.
Соқырішекті алғанда,
Ішінен ай табылды.

Шебермін деп мақтанбан,
Бесік жасап ақ қардан.
Кит баласын бөледім,
Жастық жасап мақпалдан.

Дәу бір жаңғақ ақпанда,
Түсіп қапты қақпанға.
Шықты ішінен найзағай
Әлгіні ұрып шаққанда.

Алғаннан соң мазамды,
Жүгендедім сазанды.
Ашуланып ол бұған
Теуіп қалды қазанды.

Ойладым да жол қамын,
Масаны ұстап қомдадым.
Күнге жайып шіркінді
Қапты есімде тоңғаным.

Кеше ғана кешқұрым,
Тосын дауыс естідім.
Жалт қарап ем
Айнадан
Тұр айқайлап кескінім.

Алмастан бір демімді,
Еңбек етіп сенімді.
Шегіртке жеп қояр деп,
Аспанға ектім егінді.
Жаздым-дағы жарнама,
Күй тартқыздым қарғаға.
Қошеметтеп қол соқты
Өліп қалған қандала.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бірінші суайт (ІІ)

  • 0
  • 0

Жалында ойнап құр аттың,
Аңшылықты ұнаттым.
Кинодағы қасқырды
Көздеп атып құлаттым.

Толық

Төртінші суайт (І)

  • 0
  • 0

Оқырманы піл кілең,
Өткерген жүз ғасырды.
Бір кітапты сілкіп ем,
Нүкте, үтір шашылды.

Толық

Кенгуру

  • 0
  • 0

Шықпастай боп бекініп,
Қалтада өскен жетіліп.
Есейген соң кетеді
Шегірткеше секіріп.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар