Өлең, жыр, ақындар

Бірінші суайт (ІІ)

  • admin
  • 10.04.2024
  • 0
  • 0
  • 131
Жалында ойнап құр аттың,
Аңшылықты ұнаттым.
Кинодағы қасқырды
Көздеп атып құлаттым.

Таң қалдырып халықты,
Көмекке алып балықты,
Қосып бояу жасадым
Қараңғы мен жарықты.

Түрі көп қой өнердің,
Алты өрме қып жол өрдім.
Түйреуіштің ұшына
Мың түйені шөгердім.

Сабын қылдым ақ қарды,
Жудым орман, шатқалды.
Кір қыстырғыш орнына
Пайдаландым қақпанды.

Мініп алып құланды,
Салғаннан соң ылаңды.
Жалғыз аяқ жолменен
Тіздедім мен жыланды.

Ұйықтап жатып күндіз-түн,
Тауықтарды үргіздім.
Жалғап батареяға
Өлген құрды жүргіздім.

Жұмыссыз бос тұрам ба?
Аса қою тұманда.
Су ішінде түтінмен
Тұзақ құрдым қыранға.

Тауды тесіп от лебі,
Ұрып еді ток мені.
Түскен тісім орнына
Терек өсіп кеткені.

Қомдап алып тиінді,
Шарлап алыс қиырды.
Көкжиекке кеттім де,
Белгі қылдым құйынды.

Тұтаттым да балдырды,
Бір теңізді жандырдым.
Жүзімді үрлеп насоспен
Аса үлкен шар қылдым.

Алғанымша демімді,
Сүрткенімше терімді.
Менің арық қайығым
Кемені еміп семірді.

Бір орайы келді енді,
Айға жайдым серкемді.
Желімдедім толқынға,
Қайығымды желкенді.

Ауада мен мал бақтым,
Күннен шоқ ап шам жақтым.
Бәтеңкемді шештім де
Жемі қылдым қармақтың.

Сәулені үрлеп сиреттім,
Түнді жіппен сүйреттім.
Көлдің бетін жаптым мен
Қанатымен үйректің.

Шығармастан үнімді,
Өзгертпестен түрімді.
Сәбиіме үйреттім
Жылау менен күлуді.

Шырмауықпен байланған,
Кит өргіздім қайраңнан.
Қаймақ алдым екі мес
Жарты кесе айраннан.

Қызыққа бұл келіңіз,
Сарайыма еніңіз.
Жуып қара киізді
Аппақ қылдым сеніңіз.

Толқындардан мың құлап,
Сәуле шашып, сылдырап,
Бетінде көк теңіздің
Ағып жатты бір бұлақ.

Алдын алған қауіптің,
Шапшаңын-ай тәуіптің.
Емдеп берді заматта-ақ
Күрек тісін тауықтың.

Қызығамын түріңе,
Ынтықпын – деп үніңе.
Жетектеп бір інгенді
Кірді тышқан ініне.

Алдында су, жантағы,
Қорада тұр нар тағы.
Ал бір жаман әдеті –
Ол темекі тартады.

Маңғаз, бойлы керікке,
Жүр, жарайсың серікке,-
Деп секіріп ауада
Қалды ілініп шегіртке.

Мүйізімен қасқырдың,
Сусиырды састырдым.
Алабұғаны ұстап ап,
Сан жұмыртқа бастырдым.

Болмасты мен болдырдым,
Сәуледен май өндірдім.
Электрдің жарығын
Үрлеп зорға сөндірдім.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

До

  • 0
  • 0

Ноталардың басымын,
Оқшау тұрам бәрінен.
Алшы тұрған асығым,
Саз – әуеннің мәні – мен

Толық

Төртінші суайт

  • 0
  • 0

Қорлық көрдім жолда мың,
Ұмыт қалып қолғабым.
Ми қайнатар ыстықтан
Үсіп кетті қолдарым.

Толық

Бұжы

  • 0
  • 0

Бұжы жасау тәсілін,
Тез үйреніп аласың.
Шарбы майға қосып ұн
Бүйенге оны саласың.

Толық

Қарап көріңіз