Өлең, жыр, ақындар

Қара шал

  • admin
  • 27.03.2024
  • 0
  • 0
  • 81
Қыр мұрынды, қой көзді де көрікті,
Қазақ деген бір қара шал болыпты.
Ен жайлауы төрт түлікке толыпты,
Ал, үйіне Қыдыр ата қоныпты.
Өркеш - өркеш дәнге толып қырманы,
Сайын дала еңбек күйін тыңдады.
Ерте ержетіп араласып шаруаға
Әкесінен аумай қапты ұлдары.
«Терлеп өттім мынау қысқа тірлікте,
Қоямын мен соған бүгін бір нүкте.
Сырттарыңнан сынап тұрар дұшпан көп,
Бақыт,- депті сол қара шал, - бірлікте.
Ізгілікке беру керек басты мән,
Онсыз елдің келешегі – тас тұман.
Балаларым, болсын құттың ордасы –
Киіз үйді аманат қып тапсырам.
Жазда – жайлау, ал күземде – жаңа жұрт,
Жаңа жұртта жаңа көрші – дара құт.
Іргелікті қара жүннен басқыздым,
Қара қойдан қашады улы қарақұрт.
Хас жауларың сөз етпесін күншіл деп,
Адалдықтың ақ гүліне нұр сіңбек.
Екеу қылдым анау сықырлауықты
Меймандарың еркін кіріп жүрсін деп.
Дастарқанға ақ бауырсақ толсын көп,
Тарыққанға жәрдемдескін жол сілтеп.
Шаңырақты жоғарырақ орнаттым,
Мәртебеңіз мәңгі биік болсын деп.
Болашаққа барар соқпақ – жол бұраң,
Қалды артымда ән, күй, жырым – мол мұрам.
Демеу берер – жандарыңды мұң қысса,
Төрге ілінсін қобызым мен домбырам!»
Балалары әке ақылын алыпты,
Алдарынан бақыт шамы жаныпты.
Қара шалдың бойындағы қасиет –
Бәрі – бәрі ұрпағына дарыпты:
Тарпаңдығы – Тарақтыда қалыпты,
Дарқандығы – Шапыраштыға дарыпты.
Ақылгөйлік – Албандарға қалыпты,
Орнықтылық – Ошақтыға дарыпты.
Жомарттығы – Наймандарда қалыпты,
Ал, мәрттігі – Қыпшықтарға дарыпты.
Көрегендік – Керейлерде қалыпты,
Ынтымағы – Ыстыларға дарыпты.
Шаруақорлық – Сарыүйсінде қалыпты.
Сыпайылық – Сіргеліге дарыпты,
Сұлулығы – Суандарда қалыпты.
Данышпандық – Дулаттарға дарыпты,
Ұстамдылық – көп Уақта қалыпты.
Қонақжайлық – Қоңыратқа дарыпты.
Табандылық – Табындарда қалыпты,
Адалдығы – Әлімдерге дарыпты.
Жайсаңдығы – Жалайырда қалыпты,
Қайсарлығы – Қаңлыларға дарыпты.
Ақындығы – Арғындарда қалыпты,
Батырлығы – Адайларға дарыпты.
Қамқоршысы кішінің де, жастың да,
Елбасыдай кемеңгері – бас тұлға.
Тату – тәтті өмір сүріп келеді,
Сол ұлдары бір шаңырақ астында.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тоғызқұмалақ

  • 0
  • 0

Жүрсе-дағы қой бағып,
Жүрсе-дағы тойда анық.
Қарсы отырып екі адам
Ойнар мұны ойланып.

Толық

Бірінші суайт (І)

  • 0
  • 0

Жүктедім де кенені,
Қуып жеттім кемені.
Желден желкен жасадым,
Діңгек қылып шегені.

Толық

«Бәйге»

  • 0
  • 0

Хас атбегі – дана адам,
Сырын ішке сақтайды.
Сәлден кейін аламан,
Басталады ат бәйге.

Толық

Қарап көріңіз