Өлең, жыр, ақындар

Ертегі туралы ертегі

  • admin
  • 16.02.2024
  • 0
  • 0
  • 104
Ерте, ерте, ерте еді,
Жоқ ол кезде ертегі.
Бар арманын бір бала
Болғандай ғып шертеді.
Ешкімге сыр ашпайды,
«Ертеде...» деп бастайды.
Жақсылыққа жаманды
Кіл жеңдіріп тастайды.
Əсте тыным алмайды,
Таңды таңға жалғайды.
Шығарды ол ертегі
Бірде жауыз хан жайлы:
«Ертеде хан болыпты,
Елді ұрып-соғыпты.
Ашуланса айқайлап,
Көзіне қан толыпты.
Еш адамға сенбепті,
Ақыл айтса көнбепті.
Бірде қырсық хан елге:
«Жоқты тауып бер!»– депті.
Ешкім таба алмайды,
Ел зəресі қалмайды.
«Жоқ деген – жоқ», – дескенмен,
Хан алдына бармайды.

Батып бəрі айтпайды,
«Жоқты» əрі таппайды.
«Жоқ деген – жоқ», – десе егер,
Хан алдынан қайтпайды.
...Бір балақай келді де,
Ханға сəлем берді де,
Қолын жайып деді ол:
– Жоқты таптым мен міне!
– Көз тікті хан таң қалып,
Қарап тұрды бар халық.
Алақанда дым да жоқ,
Хан ақырды шамданып:
– Жоқ-жоқ, жоқ-жоқ,
түк, – деді,
(Бұл шаруаның біткені)
– Жоқ!
– Жоқ!– десті халық та,
Баланың сол күткені.
– Ешкім қуып жетпеген,
Ешкім мұра етпеген,
Көрінбейтін көзге де,
Осы емес пе «жоқ» деген.
Жоқ осы ғой,
Сеніңдер,
Тағы да бір көріңдер.
Жаңа ғана мойындап,
Өздерің «жоқ» дедіңдер! –

Деп балақай тоқталды,
Айыра алмай «жоқ», «барды»,
Елді ақымақ етем деп,
Хан ақымақ боп қалды...»
Арман көп қой жас жанда,
Ұшсам деді ол аспанға.
Бұл ойын да Ертегі –
Айналдырды дастанға:
«Мініп алып кілемге,
Ұшып бардым бір елге.
Өз еркімде ұшам ба,
Өз еркімде жүрем бе!
Бұлттан да асып кетемін,
Айға ұшып жетемін.
Тілін білем кілемнің,
«Ұш», – деп бұйрық етемін...»
...Ерте, ерте, ерте еді,
Ешкі жүні бөрте еді.
Алғаш рет осылай
Туды дейді ертегі!
***
Міне, ертегі аңызды
Тыңдадық та,
Оқыдық.
Түсінсең, не маңызды,
Ойланшы бір отырып?!

Арпалыстық жыланмен
Оны жеңді күй ғана!
Бақ іздеген ұланмен
Бардық талай қияға!
Досы ертегі кімнің де,
Сапар шектік алысқа.
Сырын білдік гүлдің де,
Барып келдік Марсқа.
Қандай ғажап күй-аңыз,
Ат сыншысы – Толыбай?!
Жер ғой үлкен ұямыз –
Ақ бұлағы,
Көлі бай.
Өнеге деп біл мұны,
Оқы,
Өссін өркенің,
О, кішкентай тұрғыны
Ертегідей өлкенің!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жетелі

  • 0
  • 0

Баламасы «ақылдың» –
Деген сөз бұл «жетелі».
Білмейтін етжақынды
Жетесіздер жетеді!

Толық

Әулет әліппесінен ақыл-нақыл

  • 0
  • 0

Ойнап-күліп жүру керек,
Ойлап жүріп-тұру керек!
Жеті жасқа жетпей бала
«Жеті атасын» білу керек!

Толық

Көгершінім

  • 0
  • 0

Доспыз біздер қанша жылдан,
Оған күнде шашамын дəн.
Сипалаймын мойынынан,
Аяғының шашағынан.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар