Өлең, жыр, ақындар

Күзді күні

  • admin
  • 14.02.2024
  • 0
  • 0
  • 315
«Есіл жазым өтті,– деп,–
Бәйшешегім кетті!» – деп,
Санадан жүз сарғайып,
Қасіреті мол жас зайып
Қараңғы ұзын түндерде
Үстіне қара жамылып,
Күрсініп жер жылайды.
Бұзылып түсі аспан-көк,
Ашулы ауыр үһілеп,
Бүркеніп сұр бұлттар,
Жүрегі жара алыс жар
Қайғы басып, қиналып,
Жерге қарап, жарына
Көзінің жасын бұлайды.
Балапан нәзік жас қайың,
Соққан суық жел сайын,
Бүрсиіп, сорлы, дірілдеп,
Ақырын ғана күбірлеп:
«Сұбханалла, Сұбхан!» – деп,
Жасағанға жалынып,
Жәрдем бер деп сұрайды.
Күшті, жуан қара ағаш,
Жапырақсыз, жалаңаш,
Өмірде беті қайтпаған,
Ешкімге сырын айтпаған,
Тура келіп тағдыры,
Долы дауыл кез келіп,
О да бір күн құлайды.
Жалғыз жатып ойланам,
Күңіренемін, толғанам:
Балдан тәтті өмір не?
Қорқынышты өлім не?
Жалынды жүйрік жас жүрек
Неге ақырын сөнеді?
Бұған жауап кім табар?
Жастық өтіп, қартайып,
Қан сары су боп сарғайып,
Сүмбіл шашым қуарып,
Алма жүзім суалып,
Мен де сорлы бір күні
Қоштасармын өмірмен...
Өлмей, мәңгі кім қалар?!
Құласа күшті қара ағаш,
Қыс өтіп, тағы жетсе жаз,
Жас балапан – қайыңдар,
Оларда не уайым бар,
Өткендерді еске алып,
Бұралып жас сұлудай,
Қосылысып ән салар.
Өмірмен тәтті қоштасып,
Өліммен қол ұстасып,
Үстіме топырақ үюлі,
Суық көрде көмулі,
Қара жерді құшақтап
Жатқанымда мен сорлы,
Мені есіне кім алар?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жамбылға

  • 1
  • 1

...Жан аға! Шықтым өлімнен,
Халімді менің көрсейші.
Жаның нұрға көмілген,
Нұрыңнан ұшқын берсейші!..

Толық

Жәй әншейін ойын ғой

  • 1
  • 8

Айт! Құйт! Ха, ха, ха-ау!
Петербор, Мәскеу...
Иванов қалқам,
Мәссаған Арқам!..

Толық

Тіршіліктің көркі - ерік

  • 1
  • 1

Тіршіліктің көркі - ерік,
Адамдыққа ол серік.
Бір кірген соң қақпанға,
Қалар бұрынғы еркелік!

Толық

Қарап көріңіз