Өлең, жыр, ақындар

Ғазизаға

  • admin
  • 13.02.2024
  • 0
  • 0
  • 258
Ғазизажан, қарашығым, бауырым,
Жолықтырып дұшпанның бір жауызын,
Сарғаямын қараңғы үйде қамалып,
Ағаң сорлы көрді бейнет ауырын.
Ә дегенде ашу қысып, жанып ем,
Ауыр ойлар басып, назаланып ем.
Мың бейнетпен ұзын күнді өткізіп,
Күнде ертең деп, күте-күте талып ем.
Күндер өтті, жанды жеді абақты,
Қанды сорып, көтертпеді қабақты.
Желдей заулап ескен жүйрік жас жүрек
Көтере алмай қалды сорлы қанатты.
Жан бауырым, қарашығым Ғазиза!
Қарлығашым, келдің ұшып, мен риза.
Сорлы ағаңды сағыныпсың, ойлапсың,
Жылар ма едің жүрегіңе ой сыйса?
Сені көріп төбем көкке тигендей,
Маңдайыңнан болдым иіскеп сүйгендей.
Тәңірі жазса, сарғаймаспын, шығармын,
Күнәм жоқ қой қасіретте күйгендей.
Қалың қара бұлт арылып басымнан,
Тәңірі жазса, өш алармын қасымнан.
Жан бауырым, жыламашы егіліп,
Мен садаға мөлдіреген жасыңнан!
Іште жалын, көкіректе қайғы зор,
Аямастан өмір уын беріп тұр.
Сені көру – босанғанмен бір маған,
Еркетайым, анда-санда келіп тұр.
Жолықтырып дұшпанның бір жауызын,
Ағаң сорлы көрді бейнет ауырын.
Тәңіріден ерте-кеш те тілей гөр,
Жан-жүрегім, қарашығым, бауырым!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Достық һәм көз жасы

  • 1
  • 2

Достықты мастық туғызад,
Шын-шын достар - екі мас.
Жүректі мастық өртейді,
Төккізіп көзден ыстық, жас.

Толық

Көкшетау

  • 0
  • 0

Аспанменен тірескен,
Тәңіріменен тілдескен
Көкшетауым біп-биік.
Қою қара көк бұлт

Толық

Дін үйреткенге

  • 1
  • 5

Қармаңбай, қарап жатып бақ күтуге,
Ізденбей аласұрып, тақ күтуге,
Тағдырда, бір тақтайда жазулы деп,
Әр іске кім үйретті шақ күтуге?

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар