Өлең, жыр, ақындар

Есімде… Тек таң атсын

  • admin
  • 13.02.2024
  • 0
  • 0
  • 285
Ол күнді ұмытқам жоқ, әлі есімде,
Таянып келгенінде күн бесінге,
Кең дала ұқсап тұрды қол тимеген
Керілген кербез сұлу ақ төсіңе.
Құйылып тұрды көктен жұмақ нұры,
Құбылып хор даусындай құстар жыры,
Таласып аспан-көкке алтын тауы,
Арқаның суы – күміс, жібек – қыры.
Сайланып сол мезгілде шықтық жонға,
Қыранша көз жүгіртіп оң мен солға,
Ақ найза алты құлаш белге байлап,
Айнымас алдаспанды алып қолға.
Қанатты, қажымайтын тұлпар міндік,
Жібекпен жетпіс қабат белді будық.
Құрсанып қылыш өтпес мұздай темір,
Қиядан қыран құсша жауға ұмтылдық.
Аспаннан сорғаласа суға сұңқар,
Сүңгімей үйрек сорлы нағып тұрар!
Ақырған арыстанның айбатына
Шыдар ма қоян жүрек қорқақ құлдар?!
Жау қашты құр қарадан быт-шыт болып,
Қайратқа дене, отқа жүрек толып,
Ауыздан «а» дегенде жалын шығып,
Арқада жаттық сайран, сауық құрып.
Бақ шіркін бір күн қонып бауырыңа еніп,
Кетпек қой ертеңіне-ақ алдап, күліп.
Алтын Күн аспандағы қайдан білсін
Қаптарын қапылыста қара бұлт!
Жолбарыс жүргенінде маң-маң басып,
Жүрегі, қайратына көңілі тасып,
Ойлай ма, қу қаңбақты таса қылып,
Жатқанын жасырынып мерген пасық?!
Еліктің еркетайы, ардақтысы,
Алтайдың ақиығы – алғыр құсы,
Алаштың1
Арқада еркін ойнақтаған,
Жол тосқан жауыз жауда болды ма ісі?
Мас болып күш пен қайрат, қалың буға,
Алданып ойын-күлкі, сауық-шуға,
Сергімей жата беріп, сезбей қаппыз,
Жақындап барып қапты Күн батуға.
Күн алтын жан-жағына сәуле шашты,
Жарық пен қараңғылық араласты.
Сәулесі қызыл алтын – сәлемі еді,
«Көргенше қош, алаш!» – деп амандасты.
Ай туып, Күн орнына көкте қалқып,
Гүлдерден мас қыларлық иіс аңқып,
Төңірек тыныш ұйқыға батқан шақта
Кетіппіз біраз ғана біз де қалғып.
Сужүрек мана қашқан жасырынып,
Жақындап келген бопты аңдып тұрып –
Қорқақ құл ұрлықты да ерлік санап,
Қуанып алласына басын ұрып.
Мезгілше, мейлі келсін, тісі батсын,
Сұр жылан, өзі оятар, қатты шақсын.
Жаңадан жолбарыстай ұмтылармыз,
Көрелік төңіректі, тек таң атсын!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жел

  • 1
  • 5

Жел - тым тентек бір бала,
Жан сүйгені - cap дала,
Дамыл алмай жүгіред.
Ерні өтірік қыбырлап,

Толық

Жазғы жолда

  • 0
  • 0

Дала. Дала. Сар дала!
Жапан түзде бір қара –
Келем жалғыз, жаяумын.
Жаныма ерген жолдас жоқ,

Толық

Қараңғылық қоюланып келеді

  • 0
  • 0

Қараңғылық қоюланып келеді,
Пеш ішінде шоқ ақырын сөнеді.
Қызық көріп жанымдағы жас бала
Сөнген шоқты үреді де күледі.

Толық

Қарап көріңіз