Өлең, жыр, ақындар

Бабалар монологі

  • admin
  • 03.01.2024
  • 0
  • 0
  • 61
Тыңда, тыңда! Келер ұрпақ өрендер,
Ел иесі болатұғын кемеңгер.
Біз сендерге туған жерді тапсырдық,
Босағада босқа өлді демеңдер.
Біз мәңгілік қатты ұйқыда жатырмыз,
Сендер үшін – өтіп кеткен ғасырмыз.
Сенден үшін, атамекен жер үшін,
Қаншама рет төктік көздің жасын біз.
Алғы тілек – үмітіңді үзем деп,
Әкеңді құл, шешеңді тұл етем деп.
Шапты жаулар шығыстан да, батыстан,
Шапты жаулар терістектен тепеңдеп.
Тұрды екі жол: бірі – жауға бас ұру,
Жанды сақтап, табанына басылу.
Екіншісі – ұрпақ үшін, ел үшін,
Халық болып қару-жарақ асыну.
Ар алдында соңғы жолды тандадық,
Қызық көріп, жар да сүйе алмадық.
Бауырлардың қалды өлігі жол бойы,
Ал тіріміз жорық жолын жалғадық.
Бастан бақты, алдан малды алдырдық,
Шөлімізді қанды сумен қандырдық.
Жанды жауға, тәнді жерге бердік те,
Біз сендерге туған жерді қалдырдық.
Топырақ боп кетсе дағы тәніміз,
Сапындамыз сарбаздардың әлі біз.
Құлаш жетер туған жерді құшақтап,
Құлап түстік ақырғы рет бәріміз.
Өмір – теңіз, заман – толқын жаңарар,
Өтті дүлдүл, өтті не бір даналар.
Айтыңдаршы, жазылды ма жау салған,
Туған жердің төсіндегі жаралар.
Әлде ақтамай аманатын бабаның,
Қолдан түсіп жау алдында жарағың.
Қырғи қуған торғайлардай тоз-тоз боп,
Босқыны боп кеттіндер ме даланың.
Әлде ұмыт боп өткен өмір нала-мұң,
Өгей емес, өз ұлы боп даланың.
Ағысына қарсы жүзіп заманның
Болашағын ойлап ұрпақ балаңның,
Жүрсіңдер ме, жүрсіңдер ме, қарағым.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бірдей емес барлық бейне

  • 0
  • 0

Бірдей емес барлық бейне, мүсін де,
Бірдей емес екі қолда күшің де.
Бірдей емес бір сәттегі қозғалыс,
Бірдей емес бір сәттегі ісің де.

Толық

Мен көнсем де, ағайын, дегеніңе

  • 0
  • 0

Мен көнсем де, ағайын, дегеніңе,
Өлең шіркін көнбейді, керегі не?
Ол шындықтың семсері екі жүзді,
Жалған айтсаң тастайды бөледі де.

Толық

Туыстар түбі бірге, қаны бірге

  • 0
  • 0

Туыстар түбі бірге, қаны бірге,
Қиын жол, қиналғанда жаны бірге.
Араңда асыр салған ардаң едім,
Арыны басылмаған әлі күнге.

Толық

Қарап көріңіз