Өлең, жыр, ақындар

Іңгәлап жатқан едің

  • admin
  • 27.12.2023
  • 0
  • 0
  • 71
(Тұрысбек Сәукетаевқа)

Іңгәлап жатқан едің жөргегіңде,
Айғайлап келдің, міне, сен де елуге.
Көп шығар алдыңда әлі көрмегенің,
Аз емес ал бірақ та көргенің де.
Жан бағып жалғыз ғана қаламменен,
Келесің аршындаған қадамменен.
Сендегі сезімнен де ыстығырақ,
Достардың махаббаты саған деген.
Білеміз көкірегіңде дарын барын,
Ешқашан ойламайсың қарын жағын.
Сенбейсің тұрсақ-тағы қанша мақтап,
Сенесің кітабыңа қалың­-қалың.
Көңілдің ақ сауытын кір шалдыртпай,
Туыңды қуанамыз тұрсаң жықпай.
Үмітсің алтын жіптей үзілмейтін,
Жігітсің ашылмайтын сыр сандықтай.
Алтайдың топырағында ата-бабаң,
Кезің көп сағыныштан қаталаған.
Түбінде жүрегіңнің жылап жатыр
Сәби күн көзден жасы боталаған.
Төгесің ақ қағазға соның бәрін,
Елеңдеп алыстағы сарынға мың.
Сен­-дағы сағым қуған мен сияқты,
Қазақсың бақытың мол, сорың қалың.
Табарсың арманыңды сол сағымнан,
Тапқандай мөлдір бұлақ саршақұмнан.
Қалғанша жер таянып, жағың түсіп,
Түспесін жүйрік қалам саусағыңнан.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Періштенің пырағы

  • 0
  • 0

Шыныменен салса құдай көз қырын,
Құяды екен құлдарына өз нұрын.
Қайда жүрсің қоңырауың сыңғырлап,
Ай астында ойнақтаған боз құлын?

Толық

Шуылдасын көп қарға

  • 0
  • 0

Түскен кезде ел тағдыры көкпарға,
Сөйлемеймін қалай тіл мен жақ барда?
«Әй!» демесем, ақындығым не керек,
Бір қыранға жабылғанда көп қарға.

Толық

Ана тілім

  • 0
  • 0

Ана тілім,
Жүрегісің анамның.
Жүрек-ана,
Мен өзіңінен жаралдым.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер