Өлең, жыр, ақындар

Сілкініп ақ бүркіттей

  • admin
  • 27.12.2023
  • 0
  • 0
  • 76
(Әлжаппар Әбішұлына)

Тоқсанға аман­-есен келдің, аға,
Асқарға ақиықтай қондың, аға!
Ұқсаған өмірің бар керқұлаға,
Ұқсаған көңілің бар домбыраға.
Қозғасаң Сарыарқаның сағынышын,
Мәди боп мұң шағады шерлі дала!
Жасыңнан атой салып ат жалында,
Жасқанбай кірдің қанша от­-жалынға.
Сұм заман тіршіліктің көкпарында,
Сілтеді қамшысын да, шоқпарын да.
Хақың бар мақтануға, шаттануға,
Тағдырдың адаспадың шатқалында!
Құйындай өте шықты жол бермеген,
Бір ғасыр көкірегін жел кернеген.
Бірісің қияметке куәгердің,
Санасам сұрапыл жоқ сен көрмеген.
Аштықтың көзін көрдің телмеңдеген,
Қорқаудың өзін көрдің өңмеңдеген...
Тайдырмай табаныңды әділдіктен,
Көріндің биіктерден елің күткен.
Үлгің бар алыптардан алып қалған,
Арқаңды босатпайсың ауыр жүктен!
Жігіттің жігері бар қайратыңда,
Әлдебір шал емессің жанын күткен!
Өзендей тоқсан тарау тоқсан жылың,
Уақыттың тежегендей шапшаңдығын.
Ақ маржан ақтарылар жүрегіңнен,
Кеудеңнің ашып қалсаң ақ сандығын.
Шақырып жүздің шамы жарқырап тұр,
Тоқсанның терезесін қақсаң бүгін!
Аспаннан қар ұшқынын қылаулатып,
Жүзің де жетер ертең қыраулатып.
Сілкініп отырасың ақ бүркіттей,
Ғасырды жанарыңнан бір аунатып!
Бұйырсын ұрпағыңа үйірімен
Басыңа үйірілген мынау бақыт!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Оразбай басында

  • 0
  • 0

Құлазитын секілді Шұнай тауы,
Ескі қыстау көргенді мұңайтады.
Өшкен ошақ,
Өлген үй,

Толық

Әке

  • 0
  • 0

Төсеніп топырақтан текеметті,
Қойнына қара жердің әке кетті.
Түгендеп тау мен тасты, ой мен қырды,
Күн астын қаншама жыл мекен етті.

Толық

Тұңғыш сапар

  • 0
  • 0

Есімде. Әкеме еріп жолға шықтым,
Көрінген көкжиектен белге асықтым.
Шанаменен Шәуешекке келе жатып,
Сапардың ұзақтығын алғаш ұқтым.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер