Өлең, жыр, ақындар

Әке

  • 07.10.2021
  • 0
  • 0
  • 909
Төсеніп топырақтан текеметті,
Қойнына қара жердің әке кетті.
Түгендеп тау мен тасты, ой мен қырды,
Күн астын қаншама жыл мекен етті.
Әкесі еркелетіп шолжаң ұлды,
Жасында жүйрік мінді, жорға мінді.
Өскен соң ата көрген азамат боп,
Салмайды өмір түзу жолға кімді?
Көңілмен биіктетіп аласа үйді,
Жар сүйді, еміреніп бала сүйді.
Жаратқан қолдамаса қиналғанда,
Жалғызға, сірә, кімнің жаны ашиды?
Батқанда ауыр тұрмыс жанға қатты,
Жер қазды, кетпен шапты, мал да бақты.
Біреудің ала жібін аттап бірақ,
Ешкімді арбамапты, алдамапты.
Шыдапты жоқшылықтың азабына,
Арамнан ас салмапты қазанына.
Есігін, құшағын да айқара ашқан,
Құдайы қонақ болған қазағына.
Табам деп іздемейтін жоқтың бәрін,
Ойлайтын үйде отырып көптің қамын.
Сыншы еді,
Күреңбайдай болмаса да,
Білетін құстың күйін, аттың бабын.
Қол соқса домбыраның пернесіне,
Алатын елді есіне, жерді есіне.
Өзімен өзі жүрген жан еді бір,
Жаратқан сәуле құйған зердесіне.
Кетпейді өле-өлгенше, білемін мен,
Бейнесі орын алған жүрегімнен.
Елеске айналды да көз алдымда,
Қайтейін, ғайып болды бұл өмірден...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аққуым сен екенсің

  • 0
  • 0

Жанардан үзілтіп талай,
Сағыныш тамшыларын,
Өзіңсіз жүргенмін қалай,
Қарсы алып таң шуағын?

Толық

Тер болып киген сырт көйлек

  • 0
  • 0

Тер болып киген сырт көйлек,
Тербеліп көңіл – көк орман,
Ай туар шақта сүттей боп,
Айтылар шақта көп арман;

Толық

Туған күнге тілек

  • 0
  • 0

Жастайыңнан самғап ұштың,
Заманыңмен сен жарыстың.
Қайтпас, қайсар жігері бар
Мінезіңде жолбарыстың.

Толық

Қарап көріңіз