Өлең, жыр, ақындар

Арыстан мен тышқан

  • 11.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1241
Көзі ұйқыда, көңілі ояу жатты арыстан
Аң аулап, дымы құрып кеп алыстан
Байқамай ойнап жүріп аңдаусызда,
Үстімен кетті жүріп сорлы тышқан.
Арыстан ашуланып түре келді,
Үстінде тышқан екен оны көрді,
Ұстап ап, «жейін бе!» деп ақырғанда
Қысылып тышқан байғұс төкті терді.
— Ей, тышқан, не кемшілік еткен ісін?
Мен кіммін, ойлашы өзің, білемісің?
Қорлығың сүйегіме кетті батып,
Қанша обал осы арада сені жесем?
Арыстанға кім кемшілік еткен бұлай?
Күллі аңға патша қылып қойды құдай,
Ей, шіркін, нендей зиян көріп едің,
Басатын аяғыңмен мені мұндай
Арыстан сөйтіп жеуге даярланды,
Қорыққаннан тышқан дағы есін танды.
Бір қате, кешіре гөр, рақым ет деп,
Арыстанға бірер ауыз жауап салды.
Жалынып тұрды арыстанға «жан сауғалап»
Үмітпен кешірер деп етіп талап.
Мен дағы бір жақсылық етермін деп,
Көзінен жасын төгіп тұрды жылап.
Жігіттер, құлағың сал бұған енді,
Тыңдайтын біразырақ кеңес келді,
Осыдан не жақсылық дегендей қып,
Мұртынан күліп арыстан қоя берді.
Бұл дүние бірде олай, бірде бұлай,
Жаратты ырзық беріп бізді құдай,
Арыстан демін алып болғаннан соң,
Түре кеп тағы кетті аңын аулай,
Аң аулап қалың орман, жүрді кезіп,
Қаперсіз әр нәрсеге көзін сүзіп,
Байқамай бір арада боп кіріптар,
Аңға құрған торына қалды ілініп.
Күш қылып тордан батыр шыға алмады
Оралып бұлқынса да қинап жанды,
Өкіріп жерді тырнап ыза болып,
Мақұлықтың маңындағы зәресін алды.
Естіп даусын ердің, не болды деп,
Тышқан да көршілеріне хабар салды.
Жинап ап серіктерін қара қылып,
Арыстанға тұтқындағы келіп қалды.
Жабылып бәрі бірдей сол арада
Тісімен қиып торды жапырлады,
Әп-сәтте босатып ап арыстанды,
Манағы айтқан тышқан сөз қатады.
— Бір ісім түсті мына менің сізге.
Еттіңіз аяушылық сіз де бізге.
Осыдан не жақсылық дегендей қып.
Ақырын ішіңізден күлдіңіз де.
Мінекей сізге ғибрат болсын бұ да,
Жаратты жанға ие қып бізді құдай.
Сұраймын бұдан былай ұмытпаңыз,
Жақсылық болатынын тышқаннан да.
Оқиық бұл сөзіңнің ғибратын,
Емессің аса жүйрік, болмаса ақын,
Құрбылар бас қосқанда анда-санда
Кетуші ең көтеріп-ақ көңіл шатын.
Нашарды күшті кісі көңіліне ілмес,
Теңгеріп өз бойына бірге жүрмес,
Ақырында арыстанға ұқсап қалар,
Әшейін соның үшін еттік кеңес.
Екінші бұған жақын қазақта бай,
Жүрмейді кедейлерін мазақтамай,
Сол кедей тағы өзінің қолғанаты,
Қайтейін, аһ дүние, қазақты-ай,
Малы көп, надан кісі болса әкім,
Жуытпас жамандарды қадам жақын,
Сол жаман тағы өзіне керек болар
Білемін осылай деп ғибратын.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қауіпті достар

  • 0
  • 0

Жауыздың алдар кезде тілі тәтті,
Көрінер балдан зия инабатты,
Кіріп ап іші-бауырына бір момынның, 
Қолына түскеннен соң зар жылатты.

Толық

Қасқыр менен мысық

  • 0
  • 0

Аңшылар аңға шықты мылтық алып,
Иттерін жүйрік-жүйрік ертіп алып,
Ішінде қалың тоғай ұйықтап жатқан,
Бір қасқыр қаша берді тұра салып.

Толық

Түлкі менен жүзім жемісі

  • 0
  • 0

Ашығып түлкі байғұс бақа кірді,
Аралап жем таба алмай талай жерді,
Шынардың салбыраған жемістерін,
Жүзімін тұрған пісіп көзі көрді.

Толық

Қарап көріңіз