Өлең, жыр, ақындар

Аң ауласқан қоян

  • 11.08.2022
  • 0
  • 0
  • 739
Жиылып күшін қосып біраз аңдар,
Ішінде қасқыр, арыстан қабыландар,
Өлтіріп бір аюды жалаң жерде
Әрқайсысы бет-бетімен талады олар.
Солардың келе салып арасымен
Көз салмай қайратына шамасымен
Аюдың құлағынан жатыр тартып,
Бір қоян көпшілікте баласымен.
Сен бадырақ дейді аңдар келдің қайдан?
Ақырып бәрі бірдей анадайдан,
Осынша өзімсініп киліккендей,
Бар ма еді бізге тиген титтей пайдаң,
— Ағайлар, құлағың сал бұл кеңеске,
Ертеден келе жатқан болса да ескі,
Орманның арасымен азаптанып,
Жалаңға қуып шыққан мен емес пе?
Қоянның бұл сөзінің өтірігі анық,
Болса да жұрт таң қалды ғажаптанып,
Күлісіп, мәз болысып сол арада,
Құлағын берді аюдың жұлып алып.
Күледі мақтаншаққа кейбір адам,
Ғибратын көрсетейін осы арадан,
Бір мінез құдай берген ол пақырға,
Ол кісі оныменен емес жаман,
Әрине, мақтаншақтық емес тәуір,
Болғасын бірақ, әдет етпес сабыр,
Құр жұрттың, сырттан күлген сөзі ғана
Ол мінез иесіне бермес жәбір.
Шамадан тысқары сөз керек емес,
Әшейін соның үшін еттік кеңес,
Жұрт күліп мақтаншаққа жүрсе дағы,
Олжадан көбінесе тиер үлес.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қасқыр менен қозы

  • 0
  • 0

Ашығып қасқыр байғұс іздеп тамақ,
Қыдырып жер қоймады күн-түн сабап;
Далада бір хайуан кез келмеді,
Ауылға жуытпады иттер қамап.

Толық

Аю менен мүсәпір шал

  • 0
  • 0

Дос болсай шынымен бол, ықыласпен
Бас тартпай қызметінен достың қосқан,
Ләззәті бір-біріне балдай болсын,
Сырттағы күйінгендей болса дұшпан,

Толық

Маймылдар

  • 0
  • 0

Маймыл деген көп болады ыстық жерде,
Бөтен аңдай жауыз емес зиянгер де,
Әдеті біреу істеген істі істемек,
Әлінен әлек болып келмесе де.

Толық

Қарап көріңіз