Өлең, жыр, ақындар

Арыстан менен кісі

  • 11.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1275
Мықты болсаң күшіңе серік болсын ақыл,
Бес күндік дүниеге еріп болма ғафыл,
Кейінгі балалардың пайдасы үшін,
Көрсетіп тәржімамен айттым нақыл,
Құр күштен әпербақан айлам артық.
Ат-үсті өсек сөзден пайдам артық.
Аяғыңа тұсау, аузыңа қақпақ, қойсаң,
Үйректей жүзіп, ел ішінде қаздай қалқып,
Жігіттер, рас шығар осы сезім,
Болмаса нанарсыздар көріп көзің,
Арыстан мен кісінің - әңгімесінен
Құр күштің еш айласыз керексізін.
Бір кісі жасынан аң аулап жүріп,
Қояды бір ағашқа ауын құрып,
Етсе де адал кәсіп, зияны жоқ,
Сонымен жүрді байғұс пайда көріп.
Бір жерде арыстанға болды кіріптар,
Байқамай аңдаусызда қарап тұрып,
— Әй, адам, қолға түстің, мінекей сең
Құлақ сал біраз кеңес айтамын мең
Жүр едім кез келтірмей көптен бері,
Болған соң айтатұғын бірер сөзім.
Әй, адам ылғи қиянат істегенің,
Болса рас менің жұрттан естігенім.
Маған да сырттан қайрат қылады дейді,
Артық па менен сенің күш дегенің.
Мақтануға лайық па сенің күшің,
Әр жерде мағлұм болды нашар ісің
Бөтен аңды анау-мынау не қылайын,
Әй, адам, мені неге кемітесің?
Әй, кісі, тұрмын саған ашуланып,
Аузыма қояйын ба бір-ақ салып,
Болмаса осы арада құтылып кет,
Мойныма тоқтағандай кінә тағып.
Кісі айтты:—біліміміз артық сізден
Күшіміз әжептәуір болса да кем.
Қай жерде құдай сақтап құтыламыз,
Келмейтін сіздің шама бір жерлерден.
— Бар аңға патша қылып қойды құдай,
Сый-құрмет керетінім күн-түн ұдай,
Шаршадым баяғыдан пайдасы жоқ,
Адамның өтірігін тыңдай-тыңдай.
Кісі айтты көрсетейін кереметті,
Жөн болмас бұл арада тұрып текке,
Ана жерде құрып қойған бір нәрсем бар,
Егерде мықты болсаң содан өтші.
Қарап тұр ең әуелі мен етейін,
Айламды, өнеріммен көрсетейін,
Мысалы күшің асып өтіп кетсең,
Арыстаным, жей бер мені содан кейін.
Тас емес шойын емес еткен айлам,
Сонымен пайда көрдім әрбір жайдан,
Әнекей титтей желге селкілдейді,
Сонда да етуің, батыр, бір құдайдан.
— Айлаңды ей, адамзат, көрді көзім,
Ұнайды көңіліме айтқан сөзің.
Артынан қайратымды көрсетейін,
Әуелі менен бұрын етші өзің.
Тыңдаңыз кеңесімді құлақ салып,
Кісі өтті-ау астынан атып барып!
Зырқырап пәрменінше ұмтылғанда,
Алыстан торға барып қалды оралып.
Мысалы құр қарудың айласы жоқ,
Деп едім ертеде бір пайдасы жоқ.
Бұл күнде күшті өнер жеңіп кетті,
Болса егер хикаятың тағы да соқ.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қомағай ит

  • 0
  • 0

Дүниеде не іс көрсең, еткіш сабыр,
Нашарға күштімін деп етпе жәбір,
«Менменде тәуба жүрмес» деген сөз бар,
Болашақ, еткен істі білер тағдыр.

Толық

Пәлеге ұшыраған қарашекпен

  • 0
  • 0

Жасынан кемшілікпен михнат шеккен
Үй болып түзіле алмай жүріп көптен.
Ақырында әжептәуір бай болыпты,
Бұрынғы ертеде бір қарашекпен.

Толық

Әтеш пенен меруерт тач

  • 0
  • 0

Мыс қылар алтыныңды жаман адам,
Қайдан білсін жақсы-жаманды надан адам,
Асылдың қадырын біліп қалай тұрсын,
Көрмеген өмірінде тазына адам.

Толық

Қарап көріңіз