Өлең, жыр, ақындар

Германия жұмыскерлеріне

  • 05.08.2022
  • 0
  • 0
  • 560
Европада талай жыл
«Болмаймын деп байға құл»
Күрескен баймен ерлерді
Бұл күнде байлар жеңіп тұр.
Азаматтар күрескен,
Талай жыл баймен тірескен,
Езді ғой байлар кеудесін,
Қайраты қайтып көніп тұр.
Құтырған байлар мас болып,
Пуанкаре бас болып,
Именбей басты кеудеңді.
Барлық әлем — өрмекші,
Арам тамақ өрмекші
Қанды сора бермекші.
Именбей басты үстіңді
Күшіне жауыз сеніп тұр.
Түнеріп көктен салбырап,
Қап-қара шашы жалбырап,
Қара пәле Қарынбай
Үстіңе келіп төніп тұр.
Қара пәле, албасты —
Жиналып бәрі жалғасты.
Қарусыз сорлы жұмыскер,
Қойныңа қолын сұғып тұр.
Кебеже қарын жуандар,
Сатылған байға суандар,
Қосылып өңкей қу залым
Ынсаптан, ардан шығып тұр.
Шанышқылап сені соймаққа,
Улы, суық қанжарын
Жеңіне ұстап тығып тұр.
Семіз шошқа күркілдек,
Арам қарын іркілдек
Іркілдек майлы аяқпен
Аш кеудеңді басып тұр.
Бауырлар-ау, тұрсайшы!
Пәлені бетке ұрсайшы!
Ақырып қайрат қылсайшы!
Жігерің не ғып жасып тұр?
Ақырын, әлсіз қымсынып,
Қойғаның ба ұмсынып?
Балтаңды қолға ал сайты!
Үрейің нағып қашып тұр?
Алыста сенен көз алмай,
Бұл жақта бауырың телміріп,
Жүрегі қайнап ашып тұр.

1923жыл, 8-ақпан



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тергеген болсаң айтайын

  • 1
  • 5

Маржандай тізген жырымды
Айтайын болсаң, тергеген:
Домбырадай күйленіп,
Ән тасып көкірек кернеген.

Толық

Қаралы күн

  • 0
  • 0

Еңбекші тап бүгін ауыр жаралы,
Қан қызыл ту бүгін қайғы-қаралы,
Еңбекші тап бүгін жалпы қайғырып,
Ауыр хабар-хатқа төніп қарады.

Толық

Кімде-кімнің тасқын судай қайраты

  • 0
  • 0

Кімде-кімнің тасқын судай қайраты,
Күркіреген бұлтты аспандай айбаты.
Екпін-күші асау тағы тұлпардай,
Серпіндісі тас түлекті сұңқардай.

Толық

Қарап көріңіз