Өлең, жыр, ақындар

Біздің тұрмыс – экспресс

  • 01.08.2022
  • 0
  • 0
  • 674
Тұрмыстың қара ісіне,
Әлемді құл ғып күшіне,
Еріксіз жұтып ішіне,
Экспресс жөнейді.
Ғашықты жардан бөлсе де,
Талай жан жолда өлсе де,
Жасты, қанды көрсе де,
«Обал болды» демейді.
Жарым артта қаларын,
Меруерттей жасы тамарын,
Білсем де маған қарарын,
Поезға міндім таласып.
Талай жан жаннан айрылды,
Талай жар жардан айрылды,
Сұңқардай талай қайрылды,
Телміріп қалды адасып.
Экспресс зырлайды,
Ешқайда мойын бұрмайды,
Ешкімге қарап тұрмайды,
Аямай жанды баратыр.
Жарымды артта қалдырды,
Кеудені өртеп жандырды,
Алысқа көзді салдырды,
Ұшырып алға қаратып.
Аждаһадай иреңдеп,
Жорғалап кейде күйреңдеп,
Сумаңдап, кейде сүйреңдеп,
Экспресс зырлайды.
Ентігіп жылдам сыбырлап,
Аяқтары қыбырлап,
Адымы жиі жыбырлап,
Тұра тұр десем тұрмайды.
Зырла, экспресс, үш, зырла!
Жұлдыздай ақ, құлдырла!
Құйындай құтыр бұлдырла!
Аямай жүгір бәрің де!
Ерлер мінсе, шыдасын!
Қорқақтар мейлі жыласын,
Шыдамаса құласын!
Аямай сілте барыңды!

1922 жыл, 23-тамыз



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қамыққан көңілге

  • 0
  • 0

Көңілім-ау, жанған оттай шалқушы едің,
Қырандай жоғары өрлеп қалқушы едің,
Зұлматқа қаһар тігіп, лағынет айтып,
Балша еріп махаббатқа балқушы едің.

Толық

Жаңа жыл

  • 0
  • 0

Үйден шығып балалар
«Жаз болды, міне!» десіп тұр.
Сағындырған жаз желі
Оңтүстіктен есіп тұр.

Толық

Тағы бір тілек

  • 0
  • 0

Өзгерді совет келіп, ел шырайы,
Өзгерді бұрынғы «жау» көрші райы.
Түсті кеп жарлылардың, бөлісіне,
Ірі ну, бай малы мен жер шұрайы.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер