Өлең, жыр, ақындар

Жыл басы – қарлығаш

  • 28.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1140
Өліп жатқан жер жүзіне
Жаз келген соң жан кірді.
Ойда, қырда жап-жасыл боп,
Жасарып жер жаңғырды.
Жасыл жерге гүлден өрнек
Неше түрлі сән кірді.
Торғын көктен көк ала бұлт
Төкті гауһар жаңбырды.
Сұлап жатқан үнсіз жерге
Тіршілік, «шу», даң кірді.
Тау мен орман, шалқар көлге
Шаттық күй мем ән кірді...
Күн күлімдеп жылы деммен
Ұлы ананы бұлайды.
Жұпар бүркіп, жібек желмен
Кең денесін сылайды.
Жан-жануар ұлы анасы —
Төсі сүтті қара жер,
Жас босанып бұланады
Төсін ашып ағып тер.
Жер — ұлы ана, буы — демі,
Жадырайды көсіле.
Еңбекші жан уыз еміп
Өрмелейді төсіне.
Жан иесі тірілісті
Шат боп еңбек тұрмысқа.
Жандандырды қылған істі
Қалың ісші құмырсқа.
Міне, шат боп сымпылдасып
Қарлығаштар зырлайды.
Ойды кезіп, қырдан асып,
Жаздың жырын жырлайды.
Көркем тұрмыс жылдың құсы
Ер, екпінді қарлығаш,
Болсын күйлі қылған ісі,
Жырла жазды жарлыға!

1927 жыл



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өмірсіз ғашық

  • 0
  • 0

Құмар боп қоймай,
Сүюге тоймай,
Бал шарап десем сөзінде,
Қапаста тоты...

Толық

Біздің тұрмыс – экспресс

  • 0
  • 0

Тұрмыстың қара ісіне,
Әлемді құл ғып күшіне,
Еріксіз жұтып ішіне,
Экспресс жөнейді.

Толық

Шөлде

  • 0
  • 0

Көкіректе қайнаған кек оңдыра ма?
Көңілді бір орынға қондыра ма?
Түнерген қара қабақ жадырасын,
Ән салып, күй күйлейтін домбыраға.

Толық

Қарап көріңіз