Өлең, жыр, ақындар

Ызғырық аязда Жұмат үйінде

  • 28.07.2022
  • 0
  • 0
  • 574
Баспанасы Жұматтың
Ауылдың бір шетінде.
Өзге үйлерден оқшаулау
Қысқы желдің өтінде.
Шикі балшық, жер іншік,
Мыжырайған аласа.
Еңкейесің еріксіз,
Ішіне еніп қарасаң.
Және өзі тар, асты жер,
Шыққан борсып жер иісі.
Қоқырсыған бұрыштан
Кеудені атад тер иісі.
Сығырайған терезе
Керген қарын «әйнегі».
Кемерінде тәутиед
Жамаулы тас шәйнегі.
Үй ішінде айтарлық
Іліп алар бұйым жоқ.
Сілкіп салар төсеніш,
Бүтін жаға киім жоқ.
Аяз демі улейді
Терезе мен есіктен.
Қырауланад ызғар мұз
Әрбір сызат тесіктен.
Пештің мойны ызыңдап
Жылағандай сыңсиды.
Ықтап үйді, бұралып,
Ала төбет қыңсиды.
Пештің мойны төбетпен
Қыңсыласып жылайды.
Әлдекімге жоқтығын
Шағып көмек сұрайды.
Бар кемдікті термей-ақ
Сөздің ақыр қысқасы:
Жер үйшіктің бола ма
«Оннан бір де нұсқасы?»
Жұмат байғұс үйінің —
Міне, осындай мәні жоқ!
Қысқы шұнақ аязға
Тым-ақ, сәйкес — сәні жоқ!
Қылған емес жарлылық
Ешкімді де, жеріншек.
Сасық іншік түбінде
Отыр жалғыз келіншек.
Алдында бір бесік тұр,
Әйел байғұс ырғайды.
Ырғайды да құшақтап
Жасын іркіп жылайды.
Жаңа туған жас пенде
Бесігінде жылайды.
Туғаннан-ақ шырылдап
Тәнге жайлық сұрайды.
Ақ бесігін тербетіп
Жас келіншек сарнайды.
Пештің мойны желменен
Ызыңдайды — зарлайды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бурабай

  • 1
  • 15

Тағы бір ақбас бура, - емес атан,
Жүріпті Көкшетауды қылып Отан.
Мұны да "көзі көрген" қартайтады,
Тыңдаған әлеуметке алқа-қотан.

Толық

Азия

  • 0
  • 0

Сұм Европа! Арам, залым тас болдың,
Бүліншілік, жауыздыққа бас болдың.
Адамзатқа жол көрсеткен ерлерге
Неге мұнша, уа, Европа, қас болдың?!

Толық

Сәрсен

  • 0
  • 1

Балағын, жеңін түрініп,
Сәрсен егін айдаған.
Алқа-салқа киімі,
Белін жіппен байлаған.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар