Өлең, жыр, ақындар

Анаға жауап

  • 23.07.2022
  • 0
  • 0
  • 3146
Амансың ба, байғұс апа?
Денің саума, әп-еке!
Қартайдың ба, болып қапа?
Әжемдей боп Тәп-екең?
Қалжырадым, сағындым деп,
Елге қайт деп жылайсың!
Ұмытқандай неғылдым деп,
Тез хат сал, деп сұрайсың.
Апа-ау, бұл не қайғың тағы?
Неге сонша, қапасың!
Балаң қайда жүрсе дағы,
Неге ұмытсын апасын!
Әлі есімде мені талай,
Аш бауырыңа басқаның.
Ұмытылады, айтшы қалай,
Талай тамған жастарың.
Мені басып аш бауырыңа,
Ыңыранушы ең, ырғаушы ең.
Домалаушы ед жас бауырыңа,
Қасірет мұңын жырлаушы ең.
Жадымда әлі мені тербеп,
Талай айтқан жырларың,
Жүрегіме қатқан шер боп,
Қасіретіңнің сырлары.
Сонда-ақ білгем талай сырды,
Сол заманның жалғанын.
Қасірет көріп жас өмірді,
Көңілің сөніп қалғанын.
Сол уақытта-ақ әр сөзіңе,
Имандай-ақ нанғанмын,
Маған шаққан зар сөзіңе,
Мен де күйіп, жанғанмын.
Шындап сүйген жанның сыйын
Сенен ғана алғанмын,
Кемшіліктің зарлы күйін,
Сенен естіп қанғанмын.
Шын сүюді сенен көріп,
Сенен ғана білгенмін.
Күлсең, мен де саған еріп,
Қуанғаннан күлгенмін.
Ауыр еді бұрын күйің,
Бәрін айтып тергенде,
Ырза болушы ең, әжем үйі,
Қымыран, шалап бергенде.
Кейде болмай қымыран, шалап,
Үлкен үйде, әжеде!
Отырушы ең отқа қарап,
Болмай бидай көже де.
Кемшілікке ызаланып,
Кейде отырып жылаушы ең.
Жоқшылыққа назаланып,
Көктен жауап сұраушы ең,
Сен білетін біз емессің,
Көк пен жердің меңіреуін!
Жансыз мылқау қалай сезсін,
Сорлы жанның еңіреуін!
Сенің жасың маған шер боп,
Балдырымда-ақ күйгенмін.
Теңдік алсам, өсіп ер боп,
Жүрекке ант қып түйгенмін.
Сол ой бұлт боп бастан кетпей,
Ойдан тымақ кигенмін.
Өзімді артық ардақ етпей,
Апа-ау, сені сүйгенмін.
Көктен күтпей сол жауапты,
Жерден іздеп кеткенмін.
Әзірге оның жолын таптым,
Өтіп ұлы өткелін!
Тапқан жолым қазіргі осы,
Жат-ау саған тілдерім.
Біздің үкім әзірге осы,
Жалпы теңдік ілгері.
Ұмытқандай неғылдым деп,
Ұмытты деп ойлайсың,
Қалжырадым, сағындым деп,
Елге қайт деп қоймайсың.
Ердің ерін сынайтұғын,
Ұлы өткелден өткенмін,
Апа-ау, не бар, жылайтұғын,
Жолдан қайтсам, неткенім?
Жалшы үкімі тапқан жолым,
Ұлы өзгеріс өткелім.
Өткел дәмін татқан болып,
Жолдан қайтсам, бетке өлім!
Жоқ емессің бұрынғыдай,
Отыратын дағдарып.
Қазір бопсың тәп-тәуір бай,
Әже, айтпақшы, бағдарып.
Сиырың бар аш қылмайтын,
Жүк артатын түйең бар.
Шаруада қас қылмайтын,
Көз боларлық жиен бар.
Қайт деп, апа, жылай берме,
Жүремін ғой жазып хат.
Жазғытұрым барам елге,
Партком берсе рұқсат!

1926 жыл, 6-қаңтар.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жас қазақ

  • 0
  • 0

Жаңа батыр жас қазақ,
Еңбекші тап ұланы.
Бай, мырзаға қас қазақ,
Жалпы теңдік ұраны.

Толық

Лениннен кейін

  • 0
  • 0

Ленинсіз жыл
Өтті тоғыз, сегізі...
Ленинизм
Мәңгі мұхит теңізі.

Толық

Келіншек ойы

  • 0
  • 0

Шатынайды тыста аяз,
Қызыл шұнақ үскірік.
Қылшылдайды жалаңдап,
Зәрлі деммен ысқырып.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер