Өлең, жыр, ақындар

Отарба

  • 23.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1977
Белден асып,
Аттап басып,
Отарбада келеміз.
Айтқан жерге,
Керек елге,
Апарады — сенеміз.
Қысы өткен,
Қары кеткен
Заман дәл май жаз еді.
Масайрасып,
Кеудені ашып,
Жұрттың көбі мәз еді.
Алып бізді,
Тастап ізді,
Экспресс келеді.
Алып қашып,
Демін шашып,
Кейде бүлк-бүлк желеді.
Әйнекті ашып,
Көңіл тасып,
Терезеге төндім мен.
Жердің көркін
Емін-еркін
Сонда отырып көрдім мен.
Жаздың демі,
Дерттің емі,
Ыстық лебі тиген соң.
Көктен түсіп
Жерді құшып
Күйдіріп күн сүйген соң.
Ұшан-теңіз,
Жердің семіз
Тәні балқып иген соң
Жерді көрдім,
Енді көрдім,
Жасыл киім киген соң.
Балқып тәні,
Кіріп жаны,
Жасарыпты қара жер.
Мейірімді ана
Өбіп бала,
Босаныпты ағып тер.
Кеңсің дала —
Туған ана,
Көйлегің кең көк ала.
Жан беретін,
Тән беретін,
Мейірімді ана сен ғана.
Төсіңді емген,
Саған сенген
Жан-жануар баласы.
Төсін сүтті,
Бауырың құтты,
Сен тіршілік анасы.
Жібек жасыл,
Анық асыл,
Кестесі гүл киімің.
Көркем ана,
Сенде ғана
Тіршіліктің түйіні.
Жасыл шөбің,
Жұмсақ көгің
Жібек емей немене?
Төсімді ашсам,
Көкке бассам,
Күш толар ед денеме.
Жасыл мамық
Асыл анық,
Түрлі кілем жайғандай.
Түрлі шашақ,
Кесте жасап,
Шебер қолмен қойғандай.
Жасыл шөбін,
Жұмсақ көгің
Жібек кілем демес пе?
Қызғалдақты,
Сарғалдақты,
Кестесі оның емес пе?
Сары, қызыл,
Күлгін шикіл,
Кек шөп шұбар —
Сансыз гүл.
Түрлі кесте
Десте-десте,
Көк торғындай емес пе?
Түрлі гүлің,
Сансыз сырың,
Жұпар қылып аңқытты,
Жібек желмен,
Жылы деммен,
Желпіп жұмсақ қалқытты
Көкірек керіп,
Мас боп еріп,
Қанша жұтсам жұпар көп
Тоймаймын да,
Қоймаймын да,
Mac иісіңе құмар боп.
Әр мүшеңе,
Бар мүшеңе
Қараса көз тояр ма?
Сезгіш жүрек,
Еркін білек,
Жыр қылуын қояр ма!
Қалың орман,
Байлық толған,
Көлбеген көк бел анау!
Биік тауың
Күнде жауын
Аққан дария көл анау!..

1925 жыл.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Түс

  • 0
  • 0

Түсімде жапан түзде кезіп жүріп,
Қорғансыз бір бақшаға келдім кіріп.
Аяныш түсті ойыма сол арада,
Қуарған ағаштардың түрін көріп.

Толық

Біздің ұлан

  • 0
  • 0

Жан елемес қотыр тайлақ
Бұзау баққан, мініп жайдақ
Қара бала.
Атанып ед «Сұмырай, пері».

Толық

Кімде-кімнің тасқын судай қайраты

  • 0
  • 0

Кімде-кімнің тасқын судай қайраты,
Күркіреген бұлтты аспандай айбаты.
Екпін-күші асау тағы тұлпардай,
Серпіндісі тас түлекті сұңқардай.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер