Өлең, жыр, ақындар

Көкшетау қасиеттері

  • 21.07.2022
  • 0
  • 0
  • 2233
Адам бар өнеріне бас иетін,
Құрметіне ескерткіш қып тас үйетін.
«Өнерлі кей ұлдарын» еске салып,
Енді айтам Көкшетаудың қасиетін.
Көз салсаң Көкшетаудың қай жағына,
Айнала құлашын кең жаймағына —
Қара орман, су мен өзен, айдын көлдер,
Сан өлке кіреді оның аймағына.
Сылдырлап жасыл өзен аққан көлбеп,
Күміс су, маржан құмды шалқар көл көп.
Өзенге күркіреп кеп өзен құйып,
Шымырлап, көк үйірім кеткен сел боп.
Жаз жасыл, күзде сары бетегелі,
Қиырсыз, құлашты кең жайған бел көп.
Бітік, ну — өсімдігі, шөбі — шүйгін,
Жатады қара жерге майлы шел боп.
Жайылған Көкшетаудың аймағында,
Мал бағып, егін салған кәсіпті ел көп.
Төбенің басына да егін шығып,
Төрт түлік мал өседі бұла-төл боп.
Ертіс пен орап аққан Есіл, Нұра,
Бұларға сансыз өзен құйған жыра.
Әр таудан өзен атқып, тулай гүрлеп,
Тастарды домалатқан құмын сыра.
Созылып көк жібектен Нұра иреңдеп,
Құяды Қорғалжынға болып мұра.
Ертіс пен Есіл орап кетеді өтіп,
Құдиып мұзтеңізге бетін бұра...
Сансыз кел айдын-шалқар жатқан шалқып,
Түрлі құс мөлдір суда жүрген қалқып.
Қаз-үйрек, шағала, аққу мың түрлі әнмен
Күй қосад көлдің басын думан, даң ғып.
Құмы — інжу айна көлдің күйін тыңдап,
Адамның жадырайды көңілі балқып.
Көк орай, көл айнала белуардан
Көк майса гүл иістері шығады аңқып...
Түрлі құс жасырынып ну құраққа
Теңселген сылдыр қағып ту құраққа.
Секілді ойын қылған қыз-келіншек
Тығылған пай шымылдық судыраққа.
Көлінде, өзенінде толған балық,
Еңбекші ел кенеледі балық алып.
Балығын құстарымен кәсіп қылып,
Сонымен пайдаланған талай халық.
Барсаң да қай өлкеге белден шалғын,
Оралған белуардан балдыр-балғын.
Мас болып шұбар ала гүл иісіне,
Келеді сансыз гүлді құшып алғын.
Толқыған алқара көк теңіз-сынды,
Келеді көк майсаға шалғы салғын.
Тыныс ап, жұпар иісті құшағында,
Келеді төсіңді ашып жатып қалғың.
Жайқалған қара орманда қарағайы,
Тораңғы, қызыл, аппақ ала қайың.
Ағаштан түрлі керек сайман жасап,
Алады еңбекшіл ел қарамайын.
Ән салып гүлден гүлге қонақ болып,
Жинайды аралар да дала майын.
Молдалар қызықтырған ұжмағынан,
Бірде кем ормандарын санамаймын.
Ауасы дертке дауа Көкшетауды,
Молда айтқан мың ұжмаққа баламаймын.
«Ұжмағын» Көкшетаумен қатар қойса,
«Ұжмақты» ақы берсе қаламаймын...
Жатқандай қара жері майға шылқып,
Қап-қара семіз қыртыс, борси былқып,
Астыққа қарық болад, бірі жүз боп,
Еңбекші ел салып егін жерді жыртып.
Көрінген мал құлағы, жері құтты,
Құнарлы, берекелі, майлы, сүтті.
Қап-қара топырағы түбіт түкті,
Көкшетау елемеген талай жұтты.
Уа, шіркін! Мұндай жерлер көпке-ақ ұнар
Қара жер, жібек түкті, құтты құнар...
Екеуін «ұжмақ» пенен таңданатын,
«Құда» екең, болар ма еді, мені сынар!..
***
Кені бар Көкшетаудың қызыл алтын,
Өлшеуіш дүниенің еңбек нарқын.
Түлкіше қасақана қашқан жортып,
Құмар ғып жер үстінің барлық халқын.
Жеріне Көкшетаудың сіңген қашып,
Кәпір тас, жылтыраған қызыл жалқын...
Жер үңгіп, тасты қашап, алтынды алған,
Жұмыскер қиын істің қылған парқын.
Дүниеге тегіс совет орнағанша,
Шіркінге қарар ма екен пенде салқын.
Табынбас алтынға адам сонда ғана —
Коммун боп өзгерткенде сана-салтын.
* * *
Елдерін араласаң өскен, өнген,
Суретті көркем түрлі көп ескі өлең.
Кең көкірек, керней дауыс, ақын, әнші —
Келеді жігіттері боп өскелең.
Іс қылған адамының денесі ірік,
Жігерлі, ер көңілді, еті тірік.
Ақын да, палуан да, әнші де көп,
Дей алмас көрген адам мұны өтірік.
Ерлер бар — бітістері жасыл, құрыш,
Ерлер бар — айтса қайтпас, алмас қылыш;
Ақын бар — алмас садақ, тілдерінен
Кейде бал ағызады, кейде бұрыш.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бозторғай

  • 0
  • 0

Міне, торғай,
Үйін қорғай,
Жер бауырлап зырлайды.
Шырқап биік,

Толық

Кімде-кімнің тасқын судай қайраты

  • 0
  • 0

Кімде-кімнің тасқын судай қайраты,
Күркіреген бұлтты аспандай айбаты.
Екпін-күші асау тағы тұлпардай,
Серпіндісі тас түлекті сұңқардай.

Толық

...ға

  • 0
  • 0

Айыпқа бұйырмассыз жазғанға хат,
Тартпақтап, жатырқарлық емеспіз жат,
Көңіл ашар ләззатпен сөз жазысып,
Сізден басқа жоқ болды білер бекзат.

Толық

Қарап көріңіз