Өлең, жыр, ақындар

Красин кемесі

  • 11.07.2022
  • 0
  • 0
  • 374
Жынды жел ыршып ышқынған
Садағын тартып ысқырған,
Сібірде жаз да, күз де мұз;
Буалдыр боран аппақ қыс,
Көз жеткісіз, көкшіл түс,
Көк ала майдан мұз теңіз.
Тауы зеңгір, көкше мұз,
Бүк түскен күрт, тікше құз,
Мәңгі мұз, мұнар жары құж,
Сібірлік салқын көк теңіз,
Аңы ақ аю, жазы, күзі
Жан жуымас құба дүз.
Теңіз ұйқтап бусанып,
Қара бұлты құрсанып,
Мұздан сауыт жамылған;
Сыр жұмбағын шештірмей,
Ескегін ерге естірмей,
Бораны бура шабынған!
Аспанменен ұшқыштар,
Мұхиттан жүзіп асқыштар.
Зерттеп көп жыл, көп айлар,
Өте алмай тың түбегін,
Тұңғиық, түпсіз түнегін,
Тұншыққан бұрын талайлар...
Сол мұз теңіз шектерден,
Жан өтпеген өткелден,
Өтті біздің «Красин»;
Мұз қақпа бұзып денесі,
Мұхитқа қаққан құлашын.
Мұз сауытын айырып,
Қарыштап мысын қайырып,
Тоң тескен болат тұмсығы;
Мәңгі мұзды шапқылап,
Шапқан қантша шаққылап,
Опырды, жүзіп құлшынды.
Қарасаң теңіз алды-артын,
Күн жалаған жары алтын
— Жағылғандай жарқылдап,
Бұлқынған бұйрат көк жалын,
Кеменің толқын жан-жағын
Қапқандай бейне алқымдап...
Көк жүзіндей көк теңіз,
Жалтыр айна көкше мұз;
Тауы шың-жар ылғи тас.
«Красин» теңіз ішінде,
Радио тілі үстінде,
Айқыш-ұйқыш қым-қиғаш.
Радио сымы гулесіп,
Аспанменен тілдесіп,
Алысқа қол ұсынған.
Бауырына құндақтаттырып,
Көкке қанат қақтырып,
Самолет құсын ұшырған.
Қанатты аэропланы,
Ұшса көк, жер тұрағы,
Өтті өткелең жеріңнен.
«Красин» біздің судағы
Іздеп талай жандарды
— Құтқарды тауып өлімнен...
«Красин» туы желпілдеп,
Өтеді жүзіп еркіндеп,
Талай мұзды теңізін,
Жылдарды талай келесі,
Красин — Совет кемесі
Таңқалдырар жер жүзін.

1929



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Үзінді

  • 0
  • 0

Мен жүргем жүрек оты кезде маздар
Анселей жотасында,
Жотаға ақ тентек қыс кигізді ызғар
Қар құйын бұрқасында.

Толық

Таң жыры

  • 0
  • 0

Таңында Октябрьдің қуанам да,
Жыр төкпей жүрегімнен тұра алам ба?!
Көгінен жаңа ғасыр туған күндей —
Сәулесін сеуіп мәңгі тұр адамға.

Толық

Мәдениет ошағы

  • 0
  • 0

Университет мәдениет ошағы,
Нұрлы ғылым алтын бұлақ құшағы.
Санасына құйып сәуле жас ұрпақ,
Қырқылуда надандықтың тұсауы!

Толық

Қарап көріңіз