Өлең, жыр, ақындар

Жауынгер


Арқарлыгер! Ғажайып өлкем менің,
Мен өзіңде ержеттім, өркендедім.
Көркемдігің көңілімді тербетпесе,
Сағыныштан өзекті өртер ме едім?
Сенің рухың бойымда тірілмесе,
Домбыраң боп күйіңді шертер ме едім?

Қаратауға нұр төккен күнім менің,
Шұғылаңсыз, сәулеңсіз не етер едім?
Айтылсыншы жырыммен сырым менің,
Сырым менің! сен енді бекер ме едің?
Жүрек сезді өзіне не керегін,
Жырым менің, бақытқа жетелегін!
Аманат қып ақынға табыстаса,
Ел- тарихын, мен оны көтеремін.

Аңыз етіп жазайын айбынымды,
Мөлдіреген тұнық көл, айдынымды.
Өткен күнге ой тастап қарағанда,
Сезіндім ғой сел болған қайғы-мұңды.

***
Ертеде осы өлкеге,
Қалың дұшпан келіпті.
Айдаһардай жалынын,
Бейбіт бір елге төгіпті.

Қырылып жұрт қирапты,
Дұшпаны лаңын тимапты.
Сұр жыландай дүние
Бойына зәһар жинапты.

Ауылды түгел өртепті,
Қара жау қандай тентек-ті,
Қайғылы етіп бастадым,
Қайғымен бітер ертегті,
Өткенді ұзақ толғасам,
Кімдерге барып жетпек-ті?

Қай күні қантөгістер толастайды?
Айтар ән жоқтауынан ары аспайды.
Жыландай уын төккен сұм жауыздар,
Алдында кім тұрса да санаспайды.
Қаптады ау! қара бұлттай қалың дұшпан,
Көк Тәңірі неге бізге қараспайды?

Бейбіт күн әлде бізге бөтен бе еді?
Сұм дүние еңсемізді көтермеді.
Әттең-ай, арамыздан бір жауынгер,
Солардың күнін келте етерме еді!
Қолына найза, қалқан, алар ма еді,
Тоқталмай дұшпан жаққа барар ма еді,
Жеңілмей еш пендеден тірісінде,
Жалғыз-ақ жауына ұрыс салар ма еді.
Безбүйрек залым қара дұшпан ұлы,
Солардың көзіне қан толарма еді?!

Солайша дұшпан кетсе тау сағалап,
Келгені сол емес пе, аңсаған бақ?
Батырым жау қашты деп сүйіншілеп,
Еншісін өз жұртынан алса қалап.
Қадірлі ер атанбай ма сонда батыр,
Айтса да артық болмай қанша мадақ.
Болса егер тілегіме Тәңірі мақұл,
Күн өтпес жаудан қашып, жан сауғалап...

Халықтың бұл тілегі орындалды,
Мейлі, жау ел бақытын бағын алды.
Ер намысын оятқан қанындағы
Бұл ұрыстан дін аман бір ұл қалды.
Жас та болса көзінде оты бар-ды,
Көкірегінде кек оты лапылдады.
Талай батыр тудырып белін буған,
Қасиетті Арқарлы топырағы.
Кімнің бағы басында мол тұрады?
Теңсіздігі дүниенің қалтырады.
Бөлтірік ұл ержетіп арлан болып,
Көздеріне кек бітіп, қан тұнады.
Жауынгер деп атайды барлығы оны,
Қырағы жас бейне бір тау қыраны.
Кешегі ұрыс - дұшпанның қаптағаны,
Жауынгердің жадында жатталады.
Қара бұлтты өзімен ертіп алып,
Дара батыр жорыққа аттанады.

Тілеу тілеп артында ауылы қалды,
Хаққа аманат етті ер бауырларды.
Көрмесінші! енді жұрт білмесінші,
Дұшпан келіп қара қан ағылғанды.
Арқарлыгер қасиет қонған мекен,
Мұнда талай ержетті тау ұланы.
Өткен күннің ғажабы бітер ме екен,
Ақын ойы соны аңсап сағынады.
Жауға аттанып барады дара батыр,
Жолды бөліп асқар тау қалды қарлы.
Ей! дұшпаным! қап бәлем, қара да тұр,
Енді батыр аулыңды қан қылады!
****
Жауынгер жауға шабады,
Көргін деп біздің шаманы.
Ашу қысқан арланның,
От болып көзі жанады.
Алдына келген дұшпанын,
Аш қасқыр болып талады.
Өлтірмесе барлығын,
Құмары қайтіп қанады?
Болмаған апат дауылдай,
Қиратып бәрін барады.
Батырдың халқын шабам деп,
Құ дұшпан сөйтіп сорлады.
Алма кезек дүние,
Қара жер қанға қанбады.
Үстемдік құрып келгені,
Уақытша екен, ол бағы.

Жиналып сонда жаудың ханы келген,
Айрылып әскерінен, қалың ерден!
Шошынып сұмырай хан састы жаман
Кекшіл көз, қанды балақ жауынгерден.

О, тәубә, мынау өзі кім болды екен?
Алыптай қара күші мыңнан бекем.
Дауылдай бет қаратпай, жан шыдатпай,
Алдына кезіккенін құрбан еткен!
Жүзінде сондай ызғар кек бар екен,
Қолына алғаны сом шоқпар екен,
Тым дүлей қорқынышты дауыл екен,
Дауылдан құдай бізді сақтар ма екен.

Дүние мына жалғанды,
Бейбіт күн елге арман-ды.
Ашулы батыр келеді,
Қан-жоса етіп бар маңды.
Жылады, дұшпан жылады,
Жылағаны дұшпанның
Жауынгер ерге ұнады.
Күлімдеп жүрген құ дұшпан,
Жанарын жаспен жуады!
Жоқтауға солай айналды,
Кешегі жаудың жыр әні.
Заман өзі қайрымсыз,
Ақыры немен тынады?

Тоқтатып, кім бар мұның кегін басар?
Деп патша жасағымен сыбырласар.
Дұшпанның көп батыры- жауынгердің,
Жолына тұра алмастан түрі қашар.

- Бір амал етсеңдерші, оңбағандар!
Жалмауыз болса болар жалмап алар.
Жеткізер адам болса- жаным құрбан,
Жауынгер өлді деген ханға хабар.
Бірақ та жауынгерді жеңер кім бар?
Болды ғой ойым ойран! көңілім дал,
Кәне кім, шын айқасқа түсе алады?
Бәріңнің балдан тәтті өмірің бар!

Сонда не- ешбір амал таппадық па?
Қайсыңның оны жеңер сенімің бар.
Құ-Құдай, көңіліңе жақпадықпа ай?!
Білмедім алда күтер не күнім бар?

Кей кезде хас батырдан айлалы асқан,
Кек қайтқан, ел қуанған, қайда дастан?
Бар еді жау ханының жалғыз қызы,
Қулығы шайтанменен байланысқан.
Қылмыңдап жетті ханша- жауынгерге,
Өлімге бас кетер деп ойламастан.
Сұлуды мұндай бұрын көрмеген соң,
Езіліп жаралсада жүрек тастан,
Сұм қызға сонда батыр көңілін қосқан.
Аңғал ер қыздың солай жолын ашқан,
Шайтан қыз содан айтқан сөзін астам!
Қыз көркі батыр бойын шымырлатып,
Босатып ер көңлін- жынын басқан.

****
«Ей! тас мүсін хас батыр,
Қанжарыңыз баста тұр.
Тағдырымыз қолыңда,
Көздеріміз жаста тұр.

Кінәлі болдық алдыңда.
Еліңнің кегін алам деп,
Қолыңа қару алдың ба?
Қанды қанмен жудың ба,
Сорымызға тудың ба?
Алдыңдағы көп халқымды
Түлкі алатын қырандай,
Арлы да берлі, қудың ба?

Көкірегіңді кек қысты ма?
Көңіліңнен сабыр ұшты ма?
Айбыныңды көрген соң,
Дұшпаның жаман састы ма?

Тым қатты кетіп барасың,
Таба алам қалай дауасын?
Шүберекке түйіп жанымды,
Өзіңізбен жанастым.

Жауынгер сонда сөйледі:
Мен жаралғалы арланмын!
Жасымнан батыр болғанмын.
Қолымдағы қанжармен,
Талайға сүрен салғанмын.
Еліме елің тиген соң,
Өз жұртымды дауладым.
Кек жыным қайнап келгенде,
Өзіңді көріп қалғаным...
Сөзіңді қабыл етемін,
Көремін қайта жол қамын.

Қыз айтты: - Батыр, асықпа!
Кеттім деп бізді жасытпа
Қонағым бол бір күнге,
Көңілің бер мендей асыққа..
Берілер сізге сезім бар,
Ұқсама батыр- жасыққа!
Ханша деген затым бар,
Жай біреу сізге нәсіп па?
Иіліп төсек салайын,
Қызметіңде болайын.
Қонағым болсаң! жауынгер,
Қонақты баққа балайын.
Кететін кезің келгенде,
Жолыңды күтіп қалайын.
Тек сізді ойлап шер кеуде,
Өртеніп от боп жанайын.....

***
Қымызға уды қосып жетті малай,
Етпестен ханша сөзін екіталай.
Жүргенін жау жерінде ұмытқандай,
Көңілінен ердің күдік кеткен қалай!?
Залым қыз заһар суын ұсынды ерге,
Заһарі басқа удың жоқ мынадай.
Сұлудың сөздеріне сеніп еді,
Жұтқанын білмеді ер шоқты қалай!
Алғаш рет бір сұлуды сүйіп еді
Жауыз қыз жүрегінен атты қалай..

«О, дүние, неге келдім мына жаққа,
Тап болдым қалай ғана кінаратқа?
Жалғыз-ақ батырынан ел айрылып,
Сорлы анам шашын жұлып жыламақпа!
Кегімді ала алдым ба, алмадым ба?
Қанаты сынып қыран құламақ па?

Алдымнан күтіп алар өлім бе едің?
Торлады жерде қайғы! көгімде мұң.
Тағдыры туған жұрттың жанды өксітіп,
Солар деп талай түнде көз ілмедім.
Жанымның әзірейілі сезім бе едің!
Тағдырдың бар сынына төзімді едім.
Ей- анам! жалғыз ұлың оралмаса,
Сабыр ет, Босқа жылап езілмегін.

***
Қайратты ер уға оңай көндіге ме?
Сайтан қыз! жауынгерді өлді деме!
Амалдап жау жерінен кетті қашып,
Мініп ап тұлпарына- енді міне.
Жүйрік ат шапқан талмай ұзақтарға,
Жақындап Арқаркерге келді міне.
Арқаркер, айналайын, арда мекен!
Өзіңнен бастау алған керім Іле,

Тәңірім, Қасиетім, менің Іле,
Киеңді дарытқайсың өміріме.
Тектіге мекен болған қайран өңір,
Тұтқындай елестейсің көңіліме!
Көшпелі Түрік қанат жайған өңір,
Бұл Іле ер елінен жеріне ме?!
Айрылып қалғаннан соң мекенінен,
Текті елдің көзінен жас төгіле ме...
****
Тұяғын тас тілгілеп таудың қатты,
Шаршады ұзақ жолдан ердің аты.
Артында таяу қалған қуғыншы жау,
Келгені осы емеспе өлім хаты!?
Жауымен алысарға дәрмен қайда,
Құтырған бойда заһар жанға батты.
Тәнінен жаны жаймен көшіп жатып,
Жауынгер тұлпарына мұңын шақты:

«Ажалым аз ақ қалды, қаным кеуіп,
Біз енді бұл өмірге сағым ба едік!
Қош енді, менің қайсар- хас пырағым,
Ендігі менің жүрер жолым берік.
Сәлемім айта баршы туған елге,
Парызын өтесін ұл жауынгерлік.
Шама жоқ қауышарға, сірә, менде,
Орныма өзің жеткін, бауыр көріп.
Тауларым!- шыңың қандай биік еді!
Сендерден аса алмадым хәлім кеміп.
Алғаш рет бір сұлуды сүйіп едім,
Кейідің маған сонша тағдыр неғып..

Сезімді сақтап қалу неткен ерлік!
Болсада қыздың ісі- кектенерлік.
Сүйді ер, өз жанын да аямастан,
Сол үшін сұм ажалға беттеді еніп.
Батырдың мұншама ыстық сезіміне,
Таулардың тоң мұзы да кетпек еріп!
Сиқыр жел мүрде жүзін аймаламақ
Сүйініп ерлігіне өрт боп өбіп.

Енді ешкім аңғал ерді алдамайды,
Сезбейді көкірек мұң! жан да қайғы
Тек қана ыңырсынып таулар қалар,
Көңілсіз есіне алып болған жайды!

Өртенер от жүрегім жалын ба едің?
Асқақ жыр көңілімде бар сағым ба едің.
Шіркін-ай! бейнесіндей жауынгердің,
Қайда екен, текті далам, тауым, белім.
Өзіңді аңыз еттім- бағым менің,
Тауларым, батырларым, жауынгерім,
Қабыл ет! жүрегіммен жазылды жыр,
Ақынды ардақтаған қадірлі елім.














Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз