Өлең, жыр, ақындар

Күлтегін

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1297
(Еркiн әдеби нұсқа)

Алдымен
Тұла бойынан
Бу менен дым бүрiккен
Алай-дүлей жел тұрды.
Дүниенi басып жатқан
Қара балшықтай қою,
Күйедей қап-қара,
Түнек серпiлдi.
Жоғарыда
Iшiне жұлдыздар жапсырған,
Алып қазандай төңкерiлген,
Төсiне Ай iлген,
Омырауына Күн таққан
Аспан пайда болды;
Күркiреп, күркiлдеп
От шашып жатқан;
Алып денесiнен
Қып-қызыл болып
Өрт қашып жатқан
Тау менен тастар пайда балды.
Жел алып келген
Дым менен будан
Бұрқырап тасып жатқан Ј
Сулар пайда болды.
Найқалған нулар пайда болды.
Сонан кейiн Адам шықты.
Ашыған қамырдай боп
Көтерiлiп демiккен
Қара жердi басып көрдi,
Жүндей боп ұйысқан
Қара бұлттарды
Қолымен олай-бұлай аударып
Ашып көрдi.
Алтай тауым
Бесiк болып тербеткен,
Жарқылдаған от пен
Сарқыраған судың iшiнде
Ержеткен —
Көк тәңiрiнiң оғландары
Бүкiл түрiк жұртының
Арландары мен қабыландары
Бумын қаған мен
Iстемi қаған таққа қонды.
Елiмдi ел етемiн деп,
Жерiмдi көгертемiн деп
Оттай асау,
Оқтай ұшқыр
Атқа қонды.
Ормандар аңға толды.
Өрiсi малға толды.
Жерiнiң түгiнен
Май ағып тұрған,
Ағаштарының балағынан
Бал ағып тұрған
Ел болды.
Құнары асыл
Жер болды.
Сол елдiң
Айналасы түгел —
Бұзылған сеңдей
Жапырып кеткiсi кеп тұрған;
Көшкен селдей
Түп-тамырымен қопарып
Батырып кеткiсi кеп тұрған
Дұшпан екен.
Күндердiң күнiнде
Жан-жағынан олар
Құрсаудай бүрiп
Қысқан екен.
Сол кезде
Көк түрiктердiң кеуделерi
Көрiктей iсiнген.
Жаяулыны — құмалақтай! –
Найзасының ұшына iлiп,
Аттылыны — қуалап жүрiп! —
Бөрiктей түсiрген.
Бастыны —
Бастары жерге тигенше
Идiрген, —
Табанын жалатып
Арттарын сүйдiрген.
Тiзелiнi —
Тiзелерiн дiрiлдетiп
Түйедей бақыртып
Шөгерген.
Қалғандары
Оқ тиген мақұлықтай қашып,
Тау менен тастардан асып
Алды-артына қарамай
Жөнелген.
Халқына
Iлгерiде жатқан
(Күн шығыстағы)
Қадырқан қойнауын сыйлап,
Керiде жатқан
(Күн батыстағы)
Темiр қақпаны жайлатқан.
Жеңiспенен желпiндiрiп
Отыз күн бойы ойнатқан,
Кырық күн бойы тойлатқан.
Екi қаған да
Емендей берiк,
Бәйтеректей зор,
Төбенi сүйреп әкетердей
Алып болған.
Сол екеуiнiң тұсында
Ел-жұрты
Молшылыққа малтығып жүзiп,
Ырыс пен құтқа
Кеңiрдектерiнен келiп
Карық болған!
Сарбаздары
Кара жартастардан
Қамал қалап жатқан.
Ал екi қаған
Таулардың иығына шығып,
Бұлттарды бауырына басып
Соларға қарап жатқан.
Халқы
Үйiрiн iздеген,
Айғырлардай кiсiнеп,
Ботасын iздеген
Аруаналардай боздап —
Жыр толғаса! —
Көлдердi тасытып
Тауларды қозғаған екен;
Бiрiн бiрi тыңдаған,
Өздерiне ақырып сөйлемеген,
Ақырып сөйлесе де,
Арына тиетiндей етiп
Бақырып сөйлемеген
Азып-тазбаған екен.
Аярлық пен
Опасыздықты көргенде —
Орай да борай —
Қабағына қар жауған!
Әдiл жарғылары
Қара тастарды турап,
Қара қылды қақ жарған!
Сонан кейiн олар
Демдерi бiтiп
Өмiрден өткен.
Рухтары
Алтай таудың үстiнде
Оқшырайып отырған
Көк тәңiрiне кеткен.
Олардың өлiмiн естiген
Дүние теңселiп кеткен,
Ойпаң жер опырайып құлап,
Қақырайып тұратын жоталар
Жер шөгiп кеткен.
Ормандар шулап жылаған,
Көлдер тулап жылаган.
Күн шығыстағы
Бөклi шөлдiң ел-жүрты
Құм шашып еңiреген.
Ортадағы татарлар,
Күл шашып еңiреген.
Алтай таудың айналасын
Азан-қазан етiп,
Күңiренiп, егiлген
Қабырғалары сөгiлген
Жоқтаулар басталган;
Iргедегi табғаштар
Бастарын
Тау менен тасқа ұрған.
Күнi тұтылғандай,
Айы құлағандай
Шошып жылаған.
Түпiт, апар, пурум, қырқызың,
Учқурықан, қытаң, татабың
Шаштарын ормандай жайып,
Беттерiн тырнақтарымен! —
Тасты орған тау өзендерiндей!
Осып жылаған.

II
Олардың орнына отырған
Iнiлерi мен балалары
Бастарында
Торғайдың миындай ми жоқ
Жаман-жәутiк екен.
Бойлары бiр қарыс,
Ойлары бiр тұтам
Шәлтiк екен.
Есiгiнде жүрген
Кара құлды да
Қарпып тастай алмаған;
Төрiне шығып тайраңдағанды
Ең болмаса —
Ит құсап — балағынан! —
Тартып тастай алмаган.
Бұрқырап тасуды бiлмейтiн —
Бұралкы ит сарып,
Жетiм лақ секiрiп өтетiн —
Жылға боп шыққан.
Өздерi түгiл
Келеңкелерiне дейiн сұйық,
Мұрындарынан су сорғалаған
Сүмелек, сұлба боп шыққан.
Көк тiреп жүретiн
Көк түрiк елiнiң
Тот басқан қылыштай
Айбаты өлген.
Жұртта қалған ошақтай
Қайраты сөнген.
Бойкүйездiктерi сондай
Отырған жерлерiнде омалып,
Жатқан жерлерiнен
Бұтына жiбергенше тұрмаған.
Дұшпанның тiсiнiң
Қайралған қышырын емес,
Жуылған ыдыстың
Тықырын тыңдаған.
Естiлерден iргесiн
Жырақ салған.
Алдамшы табғаштардың
Зымиян сөздерiне
Естерi кетiп құлақ салған.
Елдiң жайсаңдарын
Жау көрiп —
Ұрсып қалған.
Сұрқия сөздерден
Шоқ түскен киiздей боп
Бықсып жанған.
Сонан кейiн
Өздерiмен өздерi
Жағаласып кеткен,
Өздерiмен өздерi
Шабалаңдап үрiсiп,
Абаласып кеткен.
Бiрiне бiрi!
Қақпан құрған.
Бiрiн бiрi
Тақтан қуған.
Бестi бұқаның терiсiндей
Берiк ел —
Бөстекке жарамайтын
Қотыр шыбыштың терiсiндей боп
Iрiп кеткен.
Қылыш пен найза түгiлi
Кездiк қайрап,
Iстiк ұштай алмай
Далада қалған бұл елдi
Көк тәңiрi тас төбелерiнен
Ұрып кеткен.
Сол ел — ел бола алмай
Құрып кеткен.

III
Табғаш жұртына
Көк түрiктердiң
Арыстай-арыстай ұлдары
Қамыстай жапырылып
Күс табан, жалақ ерiн
Құл болған.
Күн десе көзi,
Ай десе аузы бар
Ару қыздары
Күлдi-көмеш күң болған.
Аттан түсiп
Солардың қойы мен
Қабағын баққан.
Күлiмен кiрiп,
Отымен шығып,
Қазанын жаққан.
(Өзектерiнде оттары барлар
Намыстан өлердей боп
Қабарып жатқан.)
Мұрындық салған атандай
Солардың жетегiнде жүрген.
Дүниеге жөндеп қарай алмай
Жота мен төбенiң
Етегiнде жүрген.
От жақса —
Шақпағына айналған,
Қол сүртсе —
Қол жаулығына,
Сiлтесе —
Шоқпарына айналған.
Өзiнiң емес
Табғаш жұртының
Жерiн кеңейткен.
Табғаш жұртының
Елiн көбейткен.
Күн шығыстағы
Бөкей қағанға дейiн
Әскер жүргiзген.
Күн батыстағы
Темiр қақпаға дейiн
Әскер кiргiзген.
Айтқанына көнген,
Айдауына жүрген.
Өзiнiң билiгiнен айырылып,
Сұңқардай қанатынан
қайырылып
Елдiктен қалған.
Бiр кездегi күндей күркiреген,
От бүркiп, шоқ шайнаса
Дүние тiтiренген
Ерлiктен қалган.

IV
Мұндай қорлықтан,
Мұндай зорлықтан
Көктүрiктердiң ашу-ызасы
Кара бұлттарды қақ жарған,
Қып-қызыл найзағайлардай
Жарқылдап ойнаған!
Iшiне жай тасы түскен
Қара қазандай
Сақылдап қайнаған!
Өзегiндегi оты
Өртке айналған.
Көмейiндегi сөзi
Сертке айналған.
Күнi кеше
Болағымда жүрген бит
Басыма шықты деген,
Күнi кеше
Жуындымды iшкен ит
Асыма құсты деген.
Күнi кеше
Өзге елдiң жандары
Iргесiнен жүре алмайтын
Елiм бар едi ғой.
Күнi кеше
Өзге елдiң малдары
Көлiм түгiл,
Шалшығын iше алмайтын
Жерiм бар едi ғой.
Тас төбемде
Күнiм жанып тұратын.
Сол күндерiм қайда?
Тас төбемде
Айым толып туатын.
Сол түндерiм қайда?
Қағанды халық едiм ғой.
Қағаным қайда?
Қаhарлы халық едiм ғой.
Қаhарым қайда?
...Бiрақ олар
Бастары бiрiгiп
Ормандардай болып
Орындарынан түгелдей
Бiр тұрып кете алмаған.
Бұрқыраған борасындай соғып
Табғашты құмдай етiп
Сыпырып кете алмаған.
Бектерi
Белдесуге жарамаған,
Қиын тұстарда
Жанын қиып
«Кел» десуге жарамаған.
Сонан кейiн-ақ
Қайқы қылыштары —
Ортасынан! –
Сынып түскен.
Асау мойнына қайтадан
Қыл шылбырлы
Құрық түскен.
Түрiк халқы қан жылап:
Асыл қуатым
Өлiп барады деген,
Асыл ұрығым
Семiп барады деген.

V
Алдымен
Жоғарыдағы
Көк Тәңiрi
Күндей күркiреп;
Сонан кейiн
Жердiң Иесi қозғалып,
Судың Иесi толғанып;
Түрiк халқы жоғалмасын деген!
Құлдықта қамалмасын деген!
Ел болсын деген!
Басқа жұрт аса алмайтын
Бел болсын деген!
Көк Тәңiрiнiң өзi
Әкем Iлтерiс қағанды —
Қуатты болсын деп! —
Қара бұлтқа орап
Төбесiне көтерген.
Шешем Iлбiлге қатынды —
Шуақты болсын деп! –
Ақ бұлтқа орап
Төбесiне көтерген.
Сол-сол-ақ екен
Қаған әкем
Он жетi ердi ертiп ап,
Елдiң намысы боп жанған
Будақ-будақ, өртiн ап
Жортып жөнелген.
Қарсы келгендi
Азу тiсiмен
Қарпып тастаған.
Атының алмас тұяқтарымен
Тарпып тастаған.
Таудағы түрiктер
Еңiске құйылған,
Еңiстегi түрiктер
Тауға жиылған, —
Көк Тәңiрге сыйынған! —
Бiр-бiрiмен
Бұрқырап қауышқан.
Бiр-бiрiмен
Шұрқырап табысқан.
Ерлер жетпiске жеткен, —
Тұтасқан қолга айналған.
Әрқайсысы
Жартас өңгерiп кетердей
Зорға айналған.
Көк тәңiрiнiң өзi
Қуат бергеннен кейiн,
Ұлы мақсат пен
Мұрат бергеннен кейiн —
Жауларын! –
Қойлардай бөрлiктiрген
Бөрiлердей болған.
Әрқайсысы бiр-бiр жота боп
Көрiнердей болған.
Жетi жүзi
Қатар құйылғанда
Жауларын! —
Сеңдердей сапырған.
Таулардан құлаған
Селдердей жапырған.
Iлгерi-кейiн
Әскер жүргiзiп —
Желдердей ескен.
Бұлттардай көшкен.
Жауларын
Табандарына салып таптап
Мал қып кеткен халықты,
Қағанынан айырылып
Қаңғып кеткен халықты,
Күлдi-көмеш
Күң боп кеткен халықты,
Құлағы кесiк
Құл боп кеткен халықты
Азат еткен.
Күнi кеше
Билiк құрған жауларын
Белдерiнен бүгiлдiрiп,
Мойындарынан иiлдiрiп
Мазақ еткен.
Көнбегендерiн
Күлге аунатып,
Құм асатып жер еткен.
Тентiреп кеткен
Төлiс, тардаушты
Ел еткен.

VI
Оң жағында
Табғаш жұрты
Табанға түспеймiн деп
Есiрген.
Сол жағында
Баз қаған
Талауға түспеймiн деп
Көсiлген.
Қырқыз, құрықан, отуз татар,
Қытаң менен татандар
Жан-жағынан
Қамап тұрған.
Қалғыса — бас салғысы кеп,
Карап тұрған.
Қырық жетi рет
Жорыққа шыққан
Каған әкем —
Ас-суын
Атынан түсiп iшпеген.
Қылышы
Қынына түспеген.
Жиырма рет
Соғысқа кiрген.
Бетпе-бет келiп
Шөптердей қырқып,
Ағаштардай кесетiн
Шабысқа кiрген.
Елдi болғанды
Елдiгiнен айырған,
Қағанды болғанды
Қанатынан қайырған.
Байлыққа батқан,
Бақытқа кенелген.
Бұлықсынғанын
Бұтадай сындырып,
Тiзелiсiн
Түйедей шөгерген.
Қаттысын
Балшықтай илеп
Бастысын
Басы жерге тигенше
Идiрген —
Табанын жалатып,
Табалдырығын сүйдiрген.
Осылай
Мақсатына жеткен.
Дүниеден өткен.

VII
Ағам таққа отырып
Каған болды.
Елi мен жерiне
Қара жартастардан соққандай
Қамал болды.
Ерлерiнiң
Намысын үрлеп
Өрт қылды.
Кедейiн бай еттi,
Азын көп қылды.
Мен өзiм
Тардуш халқын
Жатқызып-өргiзетiн
Шад болдым.
Бейшараға қорған,
Байғұсқа бақ болдым.
Ағам екеумiз
Жасыл өзендi
Шантун жазығына дейiн,
Батыстағы қақпаға дейiн,
Көгмен асып
Қырқыз жерiне дейiн
Әскер жүргiздiк.
Басын көтергенiн
Басын жерге тигiздiк.
Iнiнен шыққанын
Iнiне қайта кiргiздiк.
Он үш жыл қағыстық,
Он үш жыл соғыстық.
Кеңдiк құрғанды
Кеңдiгiнен айырдық,
Елдiк құрғанды
Елдiгiнен айырдық.
Көкiрек керiп келгендi
Кейiн шегердiк,
Бастыны жүгiндiрдiк,
Тiзелiнi шөгердiк
Түргiш қаған
Туысымыз болатын.
Iргеде жатқан
Ұлысымыз болатын.
Тасып кеткен екен.
Ернеуiнен шығып
Асып кеткен екен.
Шөптей жұлдық
Қынадай қырдық.
Арғы қандасымыз
Он-оқ халқын
Жақынның
Мазағынан құтқардық.
Дұшпанның
Азабынан құтқардық.
Барс бекке
Қарындасымызды
Ханшалыққа берсек,
Ол бiзге жонын көрсеттi.
Жонынан таспа тiлдiк!
Басынан жағын айырып
Қасқа қылдық.
Ұлдарын құл еттiк,
Қыздарын күң еттiк.
Құмалақтай
Шашылып кеткен қырқызды
Бiртiндеп жинап
Жұрт еттiк.
Қайтадан
Түрiк еттiк.
Кезiндегiсiн кешiрдiк,
Жесiрiнiң
Құрсағын қампайтып,
Жетiмiн
Желкiлдетiп өсiрдiк.

VIII
Қадырқан жерiн
Басып жатқан
Жұртқа айналдық.
Сiлекейi бал боп аққан
Құтқа айналдық.
Кеңу тарманға дейiн
Ел қонды.
Суы сарқырап аққан,
Көлi жарқырап жатқан
Жер болды.
Құлымның өзi
Құл жұмсайтын болды.
Күңiмнiң езi
Күң жумсайтын болды.
Көптiгiмiз сондай
Ағалары iнiлерiнiң,
Iнiлерi ағаларының,
Әкелерi
Қаптаған балаларының
Аттарын шатастыратын.
Бiз сондай көп болдық.

IX
Түрiк, оғуз бектерi!
Құлақ түр!
Менiң қазiр жаным
Қанжылап тұр.
Үстiңе көк Тәңiрi
Тау құлатпаса,
Қара жер Қақ айырылмаса
Сенi кiм алатын едi?
Арыстандай ақырып тұрсаң,
Сенiң қасыңа
Кiм баратын едi?
Ендi маңдайыңды
Тасқа ұр!
Iбiлiс иектеп,
Албасты басқыр!
Өзегiңдi
Өрт етiп, өкiн!
Жер сабалап жыла!
Жарылған жартастай опырыл!
Дауылды күнгi
Емендей құла!
Асып-төгiлiп
Қағындың.
Тәңiрiнiң алдында
Жазып -жаңылдың.
Елiңдi көзге iлмедiң,
Қағаныңа
Қарсы шығып бүлiндiң!
Түңiлдiм!
Жарақты жау сенi
Қаңбақтай қуып әкеттi.
Сүңгiлi жау сенi
Жапырақтай жұлып әкеттi.
Жерiңдi тастап қаштың.
Зар илеп,
Кақсап қаштың.
Айтшы,
Барған жерiңнен
Пана таптың ба?!
Сенi корғайтын
Қара таптың ба?!
Қарағайдай бойың
Шыбықтай иiлдi.
Қаның судай ақты.
Сүйегiң тау боп үйiлдi.
Алтын айдарлы ұлың
Құл болды.
Күмiс тұлымды қызың
Күң болды.

Х
Түрiк халқының аты
Құмға сiңген судай
Құрымасын деп
Асып тұрған айбыны
Шөптей жұлынбасын деп
Әкемдi қаған,
Шешемдi
Ханыша еткен Тәңiрi
Менi де қаған еттi.
Жерiме қорған,
Елiме қамал еттi.
Мен
Атағы асқақтап жатқан
Елге
Қаған болғам жоқ;
Байлыққа батпақтап жатқан
Елге
Каған болғам жоқ.
Мен
Киерге тоны жоқ,
Iшерге асы жоқ,
Шығатын жолы жоқ
Жәутiк елге қаған болдым.
Iнiм Күлтегiн екеумiз
Әкемiз бен ағамыз
Ел еткен елдi,
Жер еткен жердi
Сақтап қаламыз деп
Түнде ұйықтамадық
Күндiз отырмадық
Қызыл қанымызды төктiк,
Қара терiмiздi жүгiрттiк.
Сеңдердей сатырладық,
Сарыаяздай сақылдадық.
Күлтегiн екеумiз
Өлiп-өшiп жүрiп
Дұшпанның қанын
Белуардан кешiп жүрiп
Елдi — қайтадан! —
Ел еттiк,
Жердi — қайтадан! —
Жер еттiк.
Елiмдi
Суға батырмадым,
Отқа күйдiрмедiм.
Ешкiмге
Бастарын идiрмедiм!
Ойға босқан халқым
Қандастығын айта келдi,
Қырға қашқан халқым
Бауырым деп қайта келдi.
Халқымды
Тойдырайын деп,
Жылап-сықтағанын
Койдырайын деп
Терiскейдегi
Оғыз тарапқа,
Шығыс қытаңға,
Татабы тарапқа,
Түстiктегi
Табғаш тарапқа
Он екi рет қол кiргiздiм.
Бастарына
Қап-қара бұлт үйiрiп,
Еңселерiн езген
Сор кiргiздiм.
Тәңiрiм жарылқап
Таусылған құтым
Қайтадан құйылды.
Шашылған ырысым
Қайтадан жиылды.
Азды көп қылдым
Кедейдi бай еттiм.
Көрiксiзiн Күн,
Ажарсызын Ай еттiм.
Төрт тарап түгелiмен
Аяғыма келiп
Бас ұрып жатты.
Елiмнiң даңқын көтерiп
Айбынын асырып жатты.
Қазаным құтқа толды,
Ел-жұртым бұтқа толды!

XI
Әкем қайтыс болғанда
Iнiм Күлтегiн
Жетiге ендi толган едi.
Сол кездiң өзiнде-ақ.
Көркiне елi тойған едi.
Шешем Ұмай қатын
Күлтегiндi батыр еттi.
Сонысымен
Елi мен жұртына
Жақын еттi.
Он алтыға толғанда
Каған ағамның
Құрған елiн зорайтты.
Ырысын тасытып,
Несiбесiн молайтты.
Алты Шуб Сағдат тарапты
Талқандап бұздық.
Адамдарын
Мал сияқты иiрiп,
Арқандап тiздiк.
Тағбаш, Оң тұтық
Қаптап келдi.
Шалғынымды жапырып,
Өрiсiмдi таптап келдi.
Күлтегiн жаяу әскерiмен
Жалын боп тидi.
Тастай үктi,
Тарыдай түйдi.
Күл-талқан боп қирады.
Күлтегiн iнiм
Қолға түскендерiн
Көгендеп тұрып
Қағанға сыйлады.
Жиырма бiр жасында
Бiлегi келсаптай,
Балтыры
Келiдей болып толысты.
Құланның етiн
Аспай асайтын
Чача Сенуiңмен соғысты.
Ә дегенде
Тадықтың Чуры Бозына
Қарғып мiндi.
Ол ат мерт болды.
Сонан кейiн
Ышбара Жамтар Боз атты
Мiнiп шапты.
Қапталдағыны қаймықтырып,
Қарсы келгендерiн
Түрiп шапты.
Ол ат та мерт болды.
Үшiншi рет
Жегiн Селiк-Бектiң
Торы атын мiндi.
Жауын найза боп жыртып,
Қылыш болып тiлдi.
Ол ат та мерт болды.
Қарап тұрган жұрттың
Кеудесiне дерт толды.
Күлтегiн iнiм
Ашу-ызадан өрт болды.
Сауытына
Ауаны тiлiп
Жыландай ысқырып ұшқан
Жүзден астам оқ тидi.
Сонда да қайтпады.
Жауларын
Бұталардай бұрап сындырып
Жоқ қылды.
Жер Байырқының
Ұлығ Iркiңi
Бiздерге қас болды.
Қаны қатқан тас болды.
Оларды да қуып
Түргi Жарғұн көлiне
Батырдық.
Көлiнiң өзiн
Қайнаған қазандай етiп
Сапырдық.
Ұлығ Iркiң
Қуғынға түскен
Түлкiдей састы.
Әйтеуiр сытылып шығып
Алды-артына
Қарамай қашты.
Күлтегiн отызға толды.
Тұла бойы
Тау өзендерiндей
Бұрқыраған ағысқа толды.
Қырқызға аттандық.
Жол-жөнекей
Сүңгi бойламайтын
Қасат қарды
Қақ айырып өттiк.
Көгмен тауынан астық.
Кырқыз халқын
Ұйқыда бастық.
Олардың қағанымен
Суңа жышта жолығыстық.
Қарсы тұрған таулардан
Домалаған тастардай
Бiр бiрiмiзбен
Сатұр-сұтыр соғылыстық.
Күлтегiн
Байырқының
Ақ Айғырын мiнiп шықты.
Қылыштай боп
Ортамызды тiлiп шықты.
Бiр батырын
Көлден көтерiле берген
Қаздай етiп
Атып түсiрдi.
Екi батырын
Аттың үстiнен
Бөрiктей етiп
Найзасымен қағып түсiрдi.
Тебiнгенiнде
Ақ Айғырдың қабырғалары
Күтiрлеп
Сынып кеткендей болды.
Түйiлгенiнде
Қара тастың
Суын соргалатып
Сығып кеткендей болды.
Сол жылы
Түргiс тарап жаққа
Алтын жышты
Пышақтай тiлiп
Кесе жорттық.
Қап-қара боп аққан
Ертiс өзенiн
Омыраулап кеше жорттық.
Тағы да
Талай-талай
Таулардан астық.
Түргiс халқын
Ұйқыда бастық.
Түргiс Болчуда
Оттай бұрқырап,
Құйындай құтырып келдi.
Жолындағысын
Қара жауындай жапырып,
Алдындағысын
Қара дауылдай
Сыпырып келдi.
Күлтегiн
Башгу Боз атқа қонды.
Көкiрегi
Iсiп кеткен ашуға,
Кеудесi
Ысып кеткен ызаға толды.
Жандарын алып,
Жанымызды берiп соғыстық.
Аппақ қарға
Қызыл қанымызды төгiп
Барымызды салып алыстық.
Ырғап соққан найзамыз
Сауыттарын
Киiздей тестi.
Сiлтеген қылышымыз
Мойындарын
Мүйiздей кестi.
Қалғанын сол жерде
Лақтай бақыртып
Бауыздадық.
Бетiмен кеткен елiн
Шiдер салып
Ауыздадық.
Тағы да
Жорыққа шықтық.
Алысқанды
Алып ұрып жықтық.
Iнжу өзенiн кешiп
Темiр қапыға
Әскер жүргiздiк.
Оларды
Бұралқы иттей етiп
Қыңсылатып, үргiздiк.
Түргiс халқы жау болып
Кенерес тарапқа тартты.
Бiздiң әскерiмiз
Шаршап-шалдыққан
Арық-тұрық едi.
Азығы құрып едi.
Аз қолды ертiп
Күлтегiн батыр
Алға кеттi.
Ақ қар, көк мұз
Асудан
Жанын жалдап өттi.
Алып Шалчы Ақ атын
Мiнiп шығыпты.
Карсы келген дұшпанын
Өрт тиген ормандағы
Аңдардай етiп
Түрiп шығыпты.
Одан әрi
Күшу тутуқпен
Соғысқан екен.
Найза сермесiп,
Қылыш сiлтесiп
Қағысқан екен.
Батырларын
Түгел жарып кетiптi.
Үйлерiн тонап,
Қалғанын жағып кетiптi.
Тамақ Ыдық Баста
Тағы да соғыс болды.
Күлтегiн отыз жаста едi.
Бойындағы күшi
Терiсiне сыймайтын,
Күйекке түскен бұқадай
Өрiсiне сыймайтын
Басқа едi.
Алып Шалчы Ақ атына мiнiп
Есi шығып
Ебiне тиiстi.
Екi аяғымен
Аттың өкпесiн ұрып
Тебiне тиiстi.
Екi батырын
Қояндай етiп
Куып жүрiп түйредi.
Жерi қанға бөктi,
Елi күтiрлеп сынған
Қамыстай күйредi.
Күлтегiн отыз бiрге келдi.
Бет қаратпайтын
Оттай болды.
Қозы жауырынды
Оқтай болды.
Азды батырды,
Көптi жапырды.
Күлтегiн
Алып Шалчы Ақ атқа
Тағы да мiнiп
Езгiл халқын шапты.
Қарсы келгенiн
Қалпақтай қақты.
Қашқанын
Қарақұсынан атты.
Алып Шалчы Ақ аты
Сол жерде мерт болды.
Күлтегiннiң кеудесiне
Дерт толды.
Тоғуз Оғуз халқы
Өзiмнiң бауырым едi.
Жеңсем
Жарқырап тұратын маңдайым,
Жеңiлсем
Сыз өткiзбейтiн жауырыным едi.
Түлен түртiп
Ол да маған қас болды.
Тамағыма кептелiп қалған
Тас болды.
Олармен
Бес рет соғыстық.
Алдымен
Тоғу Балықта кездестiк.
Сойыл сермесiп,
Найза кезестiк.
Күлтегiн
Азбан атын арқыратып,
Қылышын жарқыратып
Тағы да ебiне тидi.
Тағы да тебiне тидi.
Алты батырын шаншып,
Жетiншi батырын
Қылышымен
Құланның етiндей етiп
Турап тастады.
Қалғандарын
Шыбық құрлы көрмей.
Мойындарын
Бұрап тастады.
Екiншi,
Құшлағақта
Едiзге жолықтық.
Шаршап-шалдықтық,
Торықтық.
Күлтегiн
Аз Жағызды мiнiп
Бiр батырын
Түйреп түсiрдi.
Тоғыз батырын
Аттың үстiнен
Сүйреп түсiрдi.
Үшiншi
Оғузбенен қағыстық.
Күлтегiннiң астында
Азбан Ақ бар едi,
Әскерiн
Тас-талқан еттiк.
Елiн
Тұзаққа түскен
Қасқалдақ еттiк.
Төртiншi,
Чуш басында соғыстық.
Елiрiп келген жауларды
Нудай жапырып жiбердiк.
Судай сапырып жiбердiк.
Алыбын —
Маңдайын қақ айырып —
Ұрдық.
Қалғанын қойдай иiрiп
Қырдық.
Бесiншi,
Ергенi Қадазда
Оғузға кез болдық.
Күлтегiннiң астында
Аз Жағызы бар едi.
Аты жар,
Өзi нар едi.
Олардың екi батырын
Шабақтай етiп
Шаншып тастады.
Атының тұяғымен
Жаншып тастады.
Мағы Қурғанды қыстап
Жаз шыға
Оғузды тағы шаптық.
Қағатынын қақтық,
Ататынын аттық.
Күлтегiн ордада қалған.
Оғуз жау
Орданы алмақ болды.
Табанға салмақ болды.
Күлтегiн
Өгсiз Атын мiнiп
Өшiгiп кеттi.
Жын ұргандай қалшылдап
Есiрiп кеттi.
Орданы бермедi.

XII
Ханым-шешем,
Апаларым,
Келiндерiм,
Күнiкей-қанекейлерiм,
Тiрi қалған барша жұрт,
Құлақ салыңдар! —
Күлтегiн болмаса
Жаудың қолына түсiп
Тезек терiп,
Жапа басатын
Күң болатын едiңдер,
Құлағы кесiк
Құл болатын едiңдер,
Көнбесеңдер
Күл болатын едiңдер.
Соны бiлiп алыңдар!

ХIII
Күлтегiн iнiм
Қайтыс болды.
Тауым құлады
Жауым қуанды.
Қайғыдан —
Өрт шалған қарағайдай —
Қап-қара боп кеттiм.
Көрер көзiм
Көрместей болды.
Бiлер бiлiгiм
Бiлместей болды.
Сөзiмнен зар төгiлдi.
Адам деген
Өлмес үшiн туар ма?!
Ащы-тұщыны
Көрмек үшiн туар ма?!
Қайғырдым!
Күнiмдi құлаттым,
Айымнан айрылдым!
Көзiмнен
Жөңкiген селдей
Жас құйылса,
Кеудеме
Дауылды желдей
Өксiк толса
Тағы да қайғырдым.
Қатты қайғырдым!
Екi шад пенен
Iзбасар iнi-жиенiм,
Оғланым, бектерiм,
Қалың халқым,
Бүгiнiң мұнар,
Ертеңiң
Түн бола ма деп
Қайғырдым.
Көрөр күнiң
Мұң бола ма деп
Кайғырдым!

XIV
Еңiреп егiлген
Қытаң, татабын бастап
Удар Сенуң келдi.
Қайғыдан
Қабырғалары сөгiлген
Табғаш қағаннан
Iсиi Лекең келдi.
Байлықтарының ауызын
Ашып тастады —
Алтын, күмiстi
Шашып тастады.
Түпiт қағаннан
Бөлек келдi.
Ол да ерек келдi.
Күн батыстағы
Соғуд, Берчекер,
Бұқарақ жұрттарынан
Нең Сеуң,
Оғыл Тарқан жеттi.
Олар да тартынбай
Дарқан жеттi.
Он оқ оғлым,
Түргiс қағаннан
Мақраш тамғашы,
Оғыз елiнен
Бiлге тамғашы
Аңырап келдi.
Қырқыз қағаннан
Тардуш Ынанчу Чур
Зарлап келдi.
Қара тастарға
Құмның бетiне
Сызғандай етiп
Өрнек салатын,
Бояулы жiп төккендей
Әрлеп салатын
Табгаш Қаған жиенi
Чан Сеңуң келдi.

XV
Күлтегiн батыр
Он жетiншi күнi
Қаза болды.
Жердiң үстiне қайғы,
Аспанның астына
Аза толды.
Қой жылының
Тоғызыншы айында,
Жиырма жетiншi күнi
Асын бердiк.
Балбал тасы мен
Бiтiг тасын
Мешiн жылының
Жетiншi айында
Жиырма жетiншi күнi
Бағыштадық.
Күлтегiн жанын
Көк Тәңiрге табыстадық.
Күлтегiн бұл дүниеден
Қырық жетi жасында өттi.
Бiтiг тас,
Бәдiз тас жасауға
Қаншама тойғұн,
Елтеберлер жеттi.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Фариза Оңғарсынова

  • 0
  • 0

Фариза - ақын,
Сен ешуқта да
Жай сөйлей алмайсың.
Сен қашанда

Толық

Менiң ауа райым

  • 0
  • 0

Бұзылып тұр менiң ауа райым!
(Соны, бәлкiм, жөн көрдi ме құдайым)!
Бұлт астында қалды менiң күн, айым.
Жақсы болсын ендi соңы ылайым.

Толық

Тақырыпсыз өлең

  • 0
  • 0

Ендіктерді
Ендеп жүгірдім,
Бойлықтарды
Бойлап жүгірдім.

Толық

Қарап көріңіз