Өлең, жыр, ақындар

Бабай түкті шашты Әзиз

  • 24.06.2022
  • 0
  • 0
  • 216
Алдымен –
Тылсым бiр! –
Күмбiрлер мен күңгiрлер шықты.
Сонан кейiн
Мыңдаған жылдар жатқан
Бабай түктi шашты әзиз
Сақал-шашы қобырап,
Бурыл түктерi көтерiлiп,
Көздерi қып-қызыл боп
Үңгiрден шықты.
Қараса –
Дүние! –
Баяғыдай емес екен.
Адамдарының адам сиқы жоқ
Сұлба мен елес екен.
Бiреулерi
Қарғалар құсап
Қалбаң-қалбаң етедi.
Ендi бiреулерi
Өрмекшiлер құсап
Арбаң-арбаң етедi.
Бiр кездегi
Тәңiрiнiң өзi отыратын –
Ордадай! –
Оқшырайған таулары
Омалып шөгiп қалыпты.
Құшақ жетпейтiн
Бұлақтардың
Күбiдей желiндерi
Түбiрдей болып
Семiп қалыпты.
Айналаға
Қыр барып қарады,
Тау барып қарады.
Көктегi
Өттей жасыл бұлттарды –
Таяғымен! –
Олай-бұлай
Жабағы жүндей төңкерiп
Аударып қарады.
Күмiстей жалтырап жататын
Суаттарының үстiнде
Мыстан кемпiрдiң дәретiндей
Сарыала дақтар
Кiлкiп ағып барады.
Алып даланың үстiнен
Жидiген терiнiң иiсi
Мүңкiп алып барады.
Сол жағында
Сақырлаған темiрлер
Жер кемiрiп,
Жер теуiп жатты.
... Оң жағында
Қалың қара орманы
Қып-қызыл отқа оранып
Өртенiп жатты.
Сол өрттi басқа жаққа
Аударып жiбермек боп
Аңғарларға тығып тастаған
Желiне барып едi,
Аңғарларда желi жоқ.
Өрттiң үстiне
Қотара салмақ боп
Тәңiрi сыйлаған
Шатқалдағы көлiне барып едi,
Шатқалында көлi жоқ.
Бабай түктi шашты әзиздiң –
Басы айналып! –
Мәңгiп бара жатты.
Бетi ауған жаққа
Қаңғып бара жатты...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бей-жай күйде отырамын кейде мен

  • 0
  • 0

Бей-жай күйде отырамын кейде мен:
менi ол кезде толқытпайды ой деген.
Кеудем бос қап үңiрейiп қуыстай
салмақ болмас сөздерiмде сөйлеген.

Толық

Уланғанмын!

  • 0
  • 0

Уланғанмын!
Полигоннан уланғанмын!
Тар ұғымнан уланғанмын!
Өтіріктен уланғанмын!

Толық

Шетелдік алпауыт

  • 0
  • 0

Несiн жасырамыз!
Түңiлiп тұрмыз.
Сонда да алдында
Желдi күнгi ағаштай иiлiп,

Толық

Қарап көріңіз