Өлең, жыр, ақындар

Бауырдағы тас

  • 12.06.2022
  • 0
  • 0
  • 533
Шүкiр, аман жер шебi, –
Аман бақ та, бауым да...
Бiрақ басып еңсенi
Тас жатыр ғой бауырда!
Дүниемен арбасқан
Сөйлесек те жалындап, –
Бауырдағы сол тастан
Жүрмiз қазiр ауырлап.
Жүк түсiрiп тiлекке
Айналған бiр жараға, –
Жатыр тастар жүректе,
Жатыр тастар санада!
Құрдымдарға батамын
Тас төбемнен ұрғандай...
...Армандар да ап-ауыр
Тас көтерiп тұрғандай.
Жетсiн еп пен себiмiз
Жата алмаймыз шалқалап...
Жүргендеймiз көбiмiз
Қара жартас арқалап.
Қар-жаңбыры аралас
Бұл өмiрге телiндiм.
Түсер ме екен қара тас
Иығынан елiмнiң.
Ойлап – ағып жасым да! –
Отырамын шөмейiп
Бауырдағы тасым да
Бара жатыр көбейiп...
Тiлегiм тек – бiлiңiз! –
Елдi қорлап сөкпейiк,
Бiрiмiзге бiрiмiз
Тасбауыр боп кетпейiк!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Фантазия

  • 0
  • 0

Күн ыстық еді.
Алатауға барып
Бір арқа бұлтты
Алып кеп

Толық

Маңғыстау

  • 0
  • 0

О, менiң Маңғыстауым, Маңғыстауым
Марқайып мақтанарым, алға ұстарым.
Өзiңде бар махаббат, бар құштарым.
Жыр болып құйылады алғыстарым.

Толық

Маскүнем

  • 0
  • 0

Жұмысыңды жiберетiн еңсерiп,
қарашы оны –
тұлғаға ие еңселi...
Келе жатыр

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар