Өлең, жыр, ақындар

Нәресте көтерген мас қазақ

  • 08.06.2022
  • 0
  • 0
  • 462
Құртардай боп менi астына басты азап, –
Илегендей жанды бiреу тасқа сап, –
О, құдай-ай! –
Нәрестенi көтерiп
қөшеменен келе жатыр мас қазақ.
Дәл осы сәт –
мұнар болды нұр таңым.
дәл осы сәт –
шайқалып-ақ тұр тағым.
Күйзеледi,
күйiнедi жан-жүрек –
мас құшақта келе жатыр ұрпағым.
Ашу менен ыза буып сiлкiнем!
сiлкiнем де өз-өзiмнен iркiлем...
Бара жатыр,
бара жатыр нәресте –
Сол құшақтың иiсiн жұтып мүңкiген!
Түсердейсiң дәл осы сәт пышаққа,
түсердеймiн дәл осы сәт тұзаққа.
Бара жатыр,
бара жатыр нәресте –
өзi де нас
сөзi де нас, құшақта.
Мұның өзi болмай тұр-ау аз қайғы.
Сол қайғы кеп ар, намысты қозғайды.
Тәлтiректеп кетсе әкесi,
құшақтап
бала-сорлы ұшып кете жаздайды!..
Дәл осы сәт –
сөз емеспiн жұрнақпын.
Дәл осы сәт –
күйзелiстен құм қаптым.
Қалай берiк бола алмақшы ертеңi
тiрегi мен тұғыры мас ұрпақтың.
Осы бiр ой тұла бойды өртедi.
Оталғандай болды үмiттiң ертеңi.
Нас құшақта өскен сол бiр ұрпақтың
қалай таза бола алмақшы ертеңi.
Дәл осы сәт –
мұнарт болды нұр таңым.
Дәл осы сәт –
шайқалып-ақ тұр тағым.
Қараңдаршы,
қараңдаршы, Қазақтар! –
мас құшақта бара жатыр ұрпағың!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жатайын

  • 0
  • 0

Былай жүрсем —
Қаптаған
Алдау мен арбау.
Олай жүрсем —

Толық

Керуендер

  • 0
  • 0

Хабар тартып қиырлардан, ғаламнан,
хабар тартып кенттер мен қамалдан
керуендер келiп жатқан далама,
керуендер кетiп жатқан даламнан.

Толық

Болашақ туралы

  • 0
  • 0

Бiреулер
«Болашағымыз нұрлы» деп
Лағып кетедi.
Сол сөздерiмен

Толық

Қарап көріңіз