Өлең, жыр, ақындар

Өлi тiлдер

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 220
Өлi тiлдер,
өлген тiлдер ұрығы,
сөнген тiлдер қызуы мен жылуы.
Өлi тiлдер,
өлген тiлдер
жоқ тiлдер,
бiткен тiлдер тiршiлiгi, ғұмыры.
Қирап бүкiл қорғаны мен тiрегi,
басқан келiп қасiреттiң түнегi.
Ол тiлдердiң демi бiткен таусылып,
ол тiлдердiң тоқтап қалған жүрегi.
Жоқ оларда жауын, дауыл ағыны,
жоқ оларда алау күннiң жалыны.
Сөнiп қалған,
сөнiп қалған жарығы.
Семiп қалған,
семiп қалған тамыры.
Жоқ оларда тұлпарлардың шабысы,
жоқ оларда өзендердiң ағысы,
жоқ оларда топырақтың қуаты,
жоқ оларда жаңбырлардың дауысы.
Жiберетiн жан-жүректi жұлқып-ақ,
жетпейдi ғой жан айқайы шырқырап.
Ол тiлдерден құстың үнi шықпайды,
шықпайды ғой шөптiң иiсi бұрқырап.
Оны есiтiп бола алмайсың жазалы,
оны естiп бола алмасың азалы.
Ол тiлдердiң,
ол тiлдердiң бүгiнде
тарқап кеткен қызығы мен базары.
Сол тiлдерден кейде бiрақ мұң шығып,
сан ойларға мың батамын, мың шығып.
Олар, олар өз-өзiнен өлмеген,
өлген олар қиянаттан тұншығып.
Мейлi мұны бiлмедiм де, бiлдiм де.
Дәйегi жоқ сөздер айтпа бұл күнде.
Өлген олар,
өлген олар,
өлген ғой
түскеннен соң қуғын менен сүргiнге!
Тұла бойдан тiршiлiгiн ұшырған,
өсетұғын өрiс таппай қысылған.
Олар, олар өз-өзiнен өлмеген,
өлген олар үстемдiктен, қысымнан,
Тағдыр деген кейде зұлым, өктем ғой,
содан өмiр жәбiр-жапа шеккен ғой...
Тiлi өлген соң бәтуаға келместен
қанша халық тоз-тоз болып кеткен ғой.
Дей алмаймын көптi сезем, көп бiлем, –
шатастырма менi дана, тектiмен, –
жүдеулiгiн бұл өмiрдiң сонда да
сол тiлдердiң болмауынан деп бiлем.
Сөз бен саздар молырақ боп өмiрде,
молырақ боп ән мен әуен, өлең де –
тiл табысып кетер ме едi халықтар
сол бiр тiлдер аман болса егер де.
Десем-дағы жасыма сен, жасыма,
ақ түседi соны ойласам шашыма.
Ендi, Уақыт, сол тiлдердiң тағдырын
бере көрме басқа тiлдiң басына.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Пойыздар

  • 0
  • 0

Қиырға зулап ұштым деп
темiржолдармен сабылып,
жұп-жұмыр жердiң үстiнде
пойыздар жатыр ағылып.

Толық

Обал

  • 0
  • 0

Сонау жылы,
Үстiрт үстi.
Күн ыстық.
Дем аласың отты ауаны тыныс қып.

Толық

Саған

  • 0
  • 0

Бұқадай басыңды шайқап
Жұлқынып тұрғаныңа қарап,
Ұмтылып тұрғаныңа қарап
Қорқатын едiм.

Толық

Қарап көріңіз