Өлең, жыр, ақындар

Шыңырау

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 402
Әбiш Кекiлбаевқа

Шыңырау – өлең,
Шыңырау – күй,
шыңырау – аңыз!
сусап қаңсып жатқан соң құм даламыз
шөлдеп өткен өмiрден түздiк үшiн
шыңырау – өлең,
шыңырау – күй,
шыңырау – аңыз!
Айдаса да қу тағдыр мың iзбенен,
ертеңiнен үмiтiн бiр үзбеген
алтын емес,
басқа емес,
жер астынан
шыңырау қазып қазағым су iздеген.
Екпесе де қылтитып бiр шыбықты
үмiтi оның мың көктеп, мың сыныпты...
Жер астына үңiлiп көзiн сүзiп,
жер астынан iздептi тiршiлiктi.
Суы болмай өмiрден жаза көрген
өрiсi де халқымның тоза берген.
Сонан кейiн бiр белдi таңдап алып
апта қазған,
ай қазған,
қаза берген.
Күйiп тұрған шiлденiң аптабында,
ақырында шаптырған атты ауылға,
дертiп тұрған қара жер желiнiнен
ағыл-тегiл су шығып ақтарылған.
Су-су – деген сол сөздi қалықтаған
қайталаудан адамдар жалықпаған.
Бәйге берiп,
палуан күрестiрiп
той жасаған ғажайып алып далам.
Қуаныштан кемпiр-шал құрақ ұшып
кеткен құс та оралған жырақ ұшып.
...Қара бұлттай қара нар алған екен
кiшiгiрiм көл суын бiр-ақ iшiп...
Табиғаттың таусылмас сазын алған
халқым менiң –
тұратын қазынадан –
осылайша шаттығын,
тiршiлiгiн
жетi қат жер астынан қазып алған!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бұл дүниеге қарасам

  • 0
  • 0

Бұл дүниеге қарасам
Ойым онға,
Санам санға бөлiнедi.
Кеудемдегi жүрегiм

Толық

Аққу деген бiздер үшiн киелi

  • 0
  • 0

Аққу деген бiздер үшiн киелi,
аққуды атсаң сол оқ маған тиедi.
Аққуға сен жаға көрме күйенi,
аққу деген бiздер үшiн киелi.

Толық

Біздер

  • 0
  • 0

Жасқаншақ, жалтақты
жiгерге өртеткiз.
Өйткенi бiз деген
ертеңге ынтықпыз,

Толық

Қарап көріңіз