Өлең, жыр, ақындар

Ұста дүкені

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 417
Дауылды желдiң өтiнде
ертең! – деп менiң күтерiм,
тер менен буға малшынып
жаңғырып ауыл шетiнде
тұратын ұста дүкенiм.
Тұратын едi сол дүкен
ғаламат үндi рухтай,
көрiгiменен күрсiнiп
жерге кеп қонған бұлттай.
Ол кезде мөлдiр тұнықпын!
Қосайын күш деп күшiме
күрсiнген сол бiр бұлттың
кiретiн едiм iшiне.
Ұста шал сонда төнiп кеп
шоқтарды бұлғап қуырып,
күрсiнiп жатқан көрiктен
алатын едi қып-қызыл
найзағайларды суырып.
Сонан соң шалың күшке енiп,
кеудесiн ашып арыстай,
жататын едi болғамен
аунақшып жатқан төстегi
найзағайларды жаныштап.
Қуатын қара, қуатын
осындай шығар жаратқан.
...Найзағайлардан туатын
кетпен мен шалғы,
орақтар.
Өкiн сен мейлi, өкiнбе,
үзiлсiн, мейлi, күндерiң,
жерге кеп қонған бұлттай
тұратын ауыл шетiнде
жоқ қазiр ұста дүкенiм.
Жиып ап келiп қуатын
өкiнiш демi өпкендей...
Уақыт желi сұрапыл
найзағай туар бұлтты
аспанға алып кеткендей.
...Көктемiм келсе дүркiреп
жаңбыр мен нұрға жуынып,
төбемнен өтер сол дүкен
көрiгiн басып күркiреп
найзағайларын суырып...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Фантазия

  • 0
  • 0

Күн ыстық еді.
Алатауға барып
Бір арқа бұлтты
Алып кеп

Толық

Жалған арман

  • 0
  • 0

Шiркiн-ай!
Парықсызды –
Құлақшекесiнен! –
Құлаштап тұрып ұрсам.

Толық

Күздегі құлазу

  • 0
  • 0

Өтіп кеткен секілді
Жалынды өрт күнім.
Жаным жаралы,
Дерттімін!

Толық

Қарап көріңіз