Өлең, жыр, ақындар

Маңғыстауым

  • 05.06.2022
  • 0
  • 0
  • 592
Көз суарар ну да жоқ есің кетіп,
Мәуе де жоқ талмайтын несіп етіп.
Ғажап... қалай таңдаған әулиелер —
Маңғыстауды мәңгілік бесік етіп?
Болды ма екен нәрлілеу дәмі бөлек?
Әлде аққудай арманды әнін елеп?
Риза ма қу шөлді қорғады деп,
Батыр елді жатыр ма желеп-жебеп?
Тапшы жусан күймеген кәні бір түп,
Жаның жара, Маңғыстау, тәнің тыртық.
Сан ғасырлар ет жыртып, тер төккенмен,
Аруыңның иіні әлі жыртық.
Күй көкірек, жан жалын, ән көмейлі,
Тоңы тозық — кемшілік сәнге, мейлі.
Ән шырқайды Маңғыстау, күйін тартып,
Қайқылар мен сәйкілер жан демейді.
Еркін өмір талай ер аңсады көп,
Бауыр атқан, қаншасын жалмады оқ.
Ессіз ұлдан арқаңа салмақ түсіп,
Аға ма тер маңдайдан "Тамшалы" боп?
Дау-жанжалға тұра ма ғұмырларың,
(Ой төркінін, ақынның, ұғын жанын) —
Жымыңындай жұлдыздың қас қағым сәт,
Баянсыздық белгісі — "Жығылғаның".
Бақ шапаны жарасар тұлғалыға,
Сол себеп пе иықта тұрғанына.
Таңдандырар Маңғыстау топырағы,
Қалыс қалмас адуын ұлдары да.
Демеңдерші мақтаба құқылыға —
"Адай жылқы", асыл мал тұқымы онда.
Жұмыр жердің бар кені бір өзіңде,
Үлкен көлі, ең терең шұқыры да.
Әр тозаңнан етіңе қан тиеді,
Ой мен қырда сан зират, сан киелі.
Сүйінқара жерленген, Шотан, Қонай —
Сисем-Ата — адайлар пантионы!
Әр молаға басынды иіп осындағы,
Сонда ұлыға ұлылар қосылмағы.
Қырда — Бекет, Ойдағы — Саназармен,
Үш жүз алпыс және екеу, сосын, бәрі.
О дүние есігін тірі аттаған,
Өмір сүрді өзіңде "Пір" атты адам.
Ер Бекеттің басында екі бұлақ,
Ащы, Тұщы арасы бір-ақ қадам.
Бар ырысты топырақ көрем сенен,
Атақ алыс кетпейді өнерлі елден.
"Қайқылар" мен "сөйкілер" әлі тірі,
Жарлы емес Маңғыстау кемеңгерден.
Бәрін ашпай азғана ымдамақпын,
Кейде аңызын байқамай шынға жаптым.
Маңғыстауым — ғажаптар көрмесіндей,
Қайсібірін айтайын, мың ғажаптың!

10.01.1994 ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сарыарқа

  • 0
  • 0

Құрысып арқа, тырысып қабақ жазылмай,
Қайтерсің сол бір, қайтерсің жұмбақ шағынды-ай.
Теңіздей кейде дауылсыз толқып есірер
Құпия сырды, ғажапты жүрек сағынды-ай.

Толық

Тырысып көр

  • 0
  • 0

Сарқып алма, өзiңдi, сарқып алма,
Тырбын, тырбын арбаңды тартып алға.
Тәуекел мен тәубәнi жолдас етiп
Дем бер, үлгi өзiңдей жартыларға.

Толық

Сыр ашу

  • 0
  • 0

Сыр ашсам ба, жарылып ағымнан мен…
Күйіп-жанбан үзіліп сағынғанмен.
Табиғатым жаратқан тұйықтау ғып,
Ешкім айтпас "туғаннан қағынған ең".

Толық

Қарап көріңіз