Өлең, жыр, ақындар

Өшпеген із

  • 05.06.2022
  • 0
  • 0
  • 371
(баллада)
Жау қылышы кесіп түскен өз басын ұстай жүгірген жарықтық Масат атаның іздерін көргенде қапия мен өкініш туралы ауыр ойға батасың...

Ертеде, ерте, ерте кез,
Ешкінің жүні бөрте кез.
Алыптар әлі болған кез,
Сол заманнан қалған сөз.
Сайраған қайда сара жол?
Тозаңға толды қара жол.
Бір іздің шаңын үрлейін,
Ұмытып бәрін барады ел.
Аңыз боп бізге жетеді,
Масаттай алып кешегі.
Еліне еңбек етудің,
Үлгісі екен деседі.
Маңғыстау деген маң дала,
Қалатын оңай шамдана.
Сапарға оған шығады,
Өзіне сенген жан ғана.
Сол жердің қорғап жан, аңын,
Соқтырмай жаудың зауалын —
Ұзақ жыл Масат атамыз
Елінің алды сауабын.
Сүйген жан елін үзіле,
Жан-тәнімен сенген дініне.
Оқыпты қаза жібермей
Бес мезгіл намаз күніне.
Көргенмен көзі жіті анық,
(Кеткен бе жауға еті өліп).
Жалғапты бұзбай намазын,
Құбыла жаққа бет алып.
Бұзбаған таңғы намазын,
Сойы ғой ары тазаның.
Сол кезде сыйға көп тартқан,
Сондайда қайран қазағым.
Сеніммен намаз оқылар,
Едәуір жерде қосы бар.
Тимейді намаз үстінде —
Деді ме, сеніп, осылар.
Бес қару қалды қосында,
Құлынды бие қосында.
(Қатерге тіктің қалайша,
Атажан, басың босына?).
Көздеген жеңіл олжаны,
Қапысын тапты бұл жолы —
Тиісті құлқын сәріде,
Хабарлы болған сұм жауы.
Алдырды жауға асыл жан,
Қапыға түскен, тосыннан.
Aһ ұрған ащы дауыстан
Құлынды бие шошынған.
Қарақшы қашан тойынған,
Жазықсыз малша сойылған.
Түсірді жаудың қылышы,
Бөлектеп басты мойыннан.
Бас кетті, бірақ жүрек бар,
Аяқ бар әлі тірек бар.
Өз басын ұстай жүгірген,
Қаруға жетпек тілек; бар.
Жүгірген бассыз жан ұшып,
Асына сәрі қан ішіп.
Қашулы сонда жаулары
Ғажаппен мұндай танысып.
Соққанда самал таңғы леп,
Жуса да жанын қанды дерт.
Атақты Масат әулие,
Қашырған жауын соңғы рет!
Тыңдадым аңыз жастан мен,
Бөлек қой орны басқа әннен.
Масаптың ізі ап-анық,
Аңызды тозаң басқанмен.
Іздерге, міне, қараймын,
Күледі көкте арай күн.
Сол жолда басы қалды ғой,
Масаттай асыл талайдың.
Жоғалып кетпей тапалып,
Бұл іздер неге ап-анық?
Куә ғып, мүмкін, қалдырды,
Қайғыға ғасыр қақалып?
Жүйкемді ойлар босаттың,
Ізі-ay мынау Масаттың!
Не деген алып қадамдар,
Жұта алмай жатыр асап құм!
Көрмеген — келіп қарасын,
Із бенен іздің арасын.
Сезер ме батыр қайғысын,
Жүрекке түскен жарасын.
Артынан ерген тарланы,
Алдынан шыққан жан жары.
Тереңдеп ізі барады,
Ауыр-ау қайғы салмағы.
Кешірім сұрап халқынан,
Қоштасып елмен жалқы жан.
Қып-қызыл шапан жамылып,
Шомылып қанға қалқыған.
Тереңдеп ізі барады,
Салмағы жерді жарады.
Қан менен аққан көз жастан,
Қайғы да жерге тарады.
Жер-ана мүмкін балқыды,
Көнектей кеуіп алқымы?
Қимады, мүмкін, өлімге,
Масаттай дара, жалқыны?!
Зират тұр жапан түзде әлі,
Айтпайды сырын бізге әлі.
Белгісіз сезім билейді,
Қараған сайын ізге әлі.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Есім жиып

  • 0
  • 0

Есім жиып жан-жағыма қарасам,
Ойым ойға бөлінгені, сана — сан.
Отан азат... Тәуелсіздік
Тек өзің Сол заманға ұл болуға жарасаң.

Толық

Күн иісі

  • 0
  • 0

Бүгін бұл жақта (Семейде) сақылдаған сары аяз.
Маңғыстау шілдесін де сағынады екен-ау, адам деген.
Шыжыған күн. Жер кеткендей жұмсарып,
Ыссы тозаң, ауа күл боп, ұнталып.

Толық

Жүрекке сезім жол тапса

  • 0
  • 0

Жүрекке сезім жол тапса,
Өлең боп қайта оралар.
Сол шақта туған асыл сөз,
Бәріңе сезім бола алар.

Толық

Қарап көріңіз