Өлең, жыр, ақындар

Жолығыс

  • 19.05.2022
  • 0
  • 0
  • 454
1
Жынысты таудың сыртында
Қызарып барып күн батты.
Жарқырап ағып, сылқылдап
Қайнаған бұлақ тіл қатты.
Бақтардан шығып хош иіс,
Ауаны жұпар толтырған.
Ұйқыда жым-жырт Тифлис.
Аңғарда түнек, көк тұман.
Күнәкар жұрттың үстінде
Ұйқы азабы қалықтап,
Періште көріп түсінде
Сәбилер жатыр шалықтап.

2
Құзарда - таудың басында,
Ескі бір қорған-сілемде,
Саялы шынар астында
Жатырмын әсем кілемде.
Жатырмын, терең ойдамын:
"Түсімде емес,өңімде
Шынымен түнде, сен жаным;
Жолығайық дедің бе?
Ғажайып сиқыр бұл сәтте
Ләззат үшін тым тәтті,
Шақырып сені қиялым,
Досым-ау, тағы тіл қатты".

3
Күзетші ойда от жағып,
Көпірді түтін ыстайды.
Қоңыраулы шіркеу мұнарасы
Қарауылға ұқсайды.
Аппақ түзу сап құрып,
Моншалардан құмдағы
Үйге қайтты сақсынып
Грузиннің қыздары,
Көшеге түсті беткейден,
Байқастап қарап жан-жағын.
Ұзын екен бет-пердең,
Өзіңді тани алмадым.

4
Сенің үйің шатыры ақ
Тұр алыстан көрініп.
Басқыштары қалтылдап
Өзенге тұр емініп.
Көкшіл Кура үстінен
Салқын самал жел ескен.
Сенің үйің пішілген
Бейне шілтер пүліштен.
Аржағынан теректің
Терезең тұр жарқырап,
Бірақ бөлмең ішінен
Шам жанбайды қалтырап. 

5
Күттім сені, ah ұрдым
Сарқып сабыр, жігерді,
Ашуланып қақ тілдім
Қанжарыммен кілемді.
Дүние тар зымыстан,
Көңіл қапа, ызалы.
Міне тағы Шығыстан
Есті бір жел ызғарлы.
Қызарып құздар өрледі
Сұрғылт тұман үстінен.
Көпестердің керуені
Шықты қала ішінен...

6
Ақпа, жасым, көзімнен,
Қайна, жаным, қуырыл, қан.
Ниетіңді сездім мен
О, опасыз сұр жылан!
Енді білдім, көшемен
Шауып өткен құйғытып,
Көріп қалғам кеше мен
Татардың жас жігітін.
Терезеңнің алдынан
Тегін өтпей жүр екен,
Парсы нәсіл айғырдан
Көзін алмай тұрды әкең.

7
Ұзын мылтық алайын,
Шығайын бір қақпадан,
Шатқал жаққа барайын,
Жол тосайын тап содан.
Түске шейін моланың
Ту сыртында аңдиын,
Қарауылға алайын
Көрінсе бір шаң-құйын,
Жүрегім босқа соққаны!
Шыдамымды тауыстым
Ат дүбірі шықты әне,
Ә! Сен бе едің, жауыз сұм!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көрші

  • 0
  • 0

Соңғы шапақ көкте семіп барады,
Іңір түсіп, жұлдыздан нұр тарады;
Байғұс көршім неғып жатыр үйінде? –
Білейін деп жай-жағдайын бүгін де,

Толық

Романс

  • 0
  • 0

Пернемнен кейде шаттық күй жатса таралып,
Ойлама сен, шықты-ау деп ол жүректен;
Зындан бар, терең, жүректе мынау жаралы,
Құпия сырды құлыпқа сап түнеткен.

Толық

Даңқ

  • 0
  • 0

Құмарттым даңққа мен неге?
Береке бермес ол елге.
Сыймайды жаным кеудеме,
Толсам деп барша кемелге.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар