Өлең, жыр, ақындар

Қамбаш толқыны

  • 08.04.2022
  • 0
  • 0
  • 809
Түседі Қамбаш десем өніп-өскен
Туған жер, туған ауыл жерім еске,
Өркеш-өркеш өрелі құмдарындай,
Толқыны көкке ұмтылған көлім еске.
Түседі — Қамбаш десем қарттарым да,
Бата алған балауса гүл шақтарым да,
Түседі—ұстаздарым шәкіртім деп,
Қуанған қанатымды қаққанымда.
Кеңейтіп шалдарының керегесін,
Сүйем деп тағдыр жазса шөбересін.
Түседі — Қамбаш десем қарт әжелер,
Арқалап бара жатқан немересін.
Тірлікте перзенттерін сүйіп өтер,
Жұлдызын ағалардың биік етер,
Түседі — Қамбаш десем апа-жеңгем,
Шілдехана тойларын жиілетер.
Көркейтіп халқымыздың болашағын,
Жағады әрбір үйде дала шамын.
Түседі — Қамбаш десем достарыммен,
Жүгірген жалаңаяқ бала шағым!
Гүл, жуа теріп өстік дала, құмнан,
Кетпейді жусанды өлке жанарымнан.
Түседі Қамбаш десем анам еске,
Инемен тікен алған табанымнан.
Ғұмыры гүлдеп барып солғасын ба?
Мен үшін мәңгі тірі болғасын ба?
Түседі Қамбаш десем әкем еске,
Жүргендей пішен шауып көл басында.
Балалық шақтарым-ай кезіп жүрген,
Жұлдызды түнге қарап көзімді ілгем,
Түседі — Қамбаш десем Темірші тау,
Өмірде биік барын сезіндірген.
Мақпал көл толқушы еді көркемімдей,
Елестер қазір бәрі ертегідей.
Түседі — Қамбаш десем өткен өмір,
Кәдімгі қауын-қарбыз өркеніндей.
Мен де сол құмды өлкенің өркенімін,
Жүрегім өмірімнің шертер үнін.
Түседі — Қамбаш десем тентектері,
Қоя алмай жүрген кейде еркелігін.
Еркелеп бала біткен толып жүріп,
Жағасында жататын өмір күліп.
Түседі Қамбаш десем көлім еске,
Толқитын балалықты шомылдырып.
Күні биік, шуақты құтын төккен,
Тірліктің отын жағып түтіндеткен,
Түседі — Қамбаш десем қаздары ұшқан,
Өмір боп өзіңде өткен — бүкіл көктем!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Уа, халайық!

  • 0
  • 0

Уа, халайық!
Тұрыңдар!
Сот келеді!
Жалдауға —

Толық

Сол бір көктем

  • 0
  • 0

Еске алып ғажайыптай өткенімді,
Аялап ұшырғандай көкке күнді,
Адасып қалғандай бір аққуымнан,
Мен іздеп кеттім сол бір көктемімді.

Толық

Уа, Мадрид, мен келдім!

  • 0
  • 0

Испан атты Ел көрдім,
Ақын болып тербелдім.
Құшағыңды аш!
Уа, Мадрид, Мен келдім!

Толық

Қарап көріңіз