Өлең, жыр, ақындар

Жыл келді

  • 28.11.2015
  • 0
  • 0
  • 7039
(Көктем)
Күлімдеп қасын керіп келді жылым,
Сұлудай ақық ерін, алтын тұлым.
Көркейіп, көңілінен кетті кірбің,
Көргенде кім де болса мұның түрін.
Жел есіп өңменінен иісі әтірдей,
Көтеріп барлығы да қалды мұрын.
Жай болып жан-жануар, жайнаңдады,
Әлдилеп ана алғандай алдына ұлын.
Шат болып шамадан тыс шалықтады,
Шашқандай шашу қылып інжу, дүрін.
Жайғандай жасыл қамқа жасарып жер,
Жіберді жарқыратып көздің нұрын.
Толқындап теңіз тасып, бұлақ қайнап,
Буланып бау мен шарбақ шашты гүлін.
Түнде - шық, күндіз - қара нөсерменен,
Көкте тұр көтерумен гүлдер кірін.
Сәһәрда сандуғаш пен бұлбұл сайрап,
Қой қоздап, туып жатыр жылқы құлын.
Аспанда ел біткеннің екі көзі,
Есітіп қаңқылдаған қаздар үнін.
Қуанып: «Құтылдық,- деп, - қыс күнінен!»
Түлкілер төкті түгін , малдар жүнін.
Қыбырлап құрт-құмырсқа қаптай өріп,
Тазалап тышқандар да қойды інін.
Мәз-майрам мақұлықаттар болып қалды,
Уайым ұмытылып өткен бұрын.
Мың түрлі минутында гүл құбылды,
Қыздардай күйеулері келген ұрын.
«Етсін, - деп, - мезгілінде халық пайдасын!»
Ұзартты табиғат та тағы күнін.
«Жатсын, - деп, - жанның бәрі рақатта!»
Сияқты құс мамықтай етті түнін.
Дегендей: «Сый сатулы»,сендер де шаш,
Бар болса қаптарыңда арпа, сұлың!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жүсіпбайға

  • 0
  • 0

Қадірден хат жолдадым Жүсіпбайға,
Ер едің ойы терең, тілі майда.
Сонда да себебі не, сөйлеші өзің,
Қинадың: "Қиял жаз!" - деп қысаң жайда?

Толық

Әмит Қожаға

  • 0
  • 0

Інім ең, атың Әмит, асылың — Қожа,
Ер едің елатыңнан шыққан оза.
Түрің бар тебе үстіне шығаратын,
Қолдаған адамыңды арқаң қоза.

Толық

Нұғманға

  • 0
  • 0

Нұғман баласы едің Молыбайдың,
Молыбай секілді еді толық айдың.
Көлемің Келдібайдан кем болғанмен,
Қожасы ең Қаратамыр Төребайдың.

Толық

Қарап көріңіз