Өлең, жыр, ақындар

Қоштаспадым

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 270
Қоштаспадым,
Сен-дағы қош демедің,
Қызығы қалмағандай ештеңенің.
Десем де, сенім толы үмітпенен
Қараған көздеріңнен сескенемін.
Көріндің де өзгеден даралау сен,
Торғайың боп саяңда паналаушы ем.
Қыз болып бір алдыңда бой жетпедім,
Еркелетіп сен мені «бала» деуші ең.
Кімді ойладың шығарда соңғы демің,
Сөнді деуге, сенбеймін, жан-жүрегің.
Сенен басқа, япыр-ау, кім айтады,
«Қанипаш» деп атымды енді менің?!
Жүрсем-дағы сезімге өртеніп мен,
Қонбай құсым қолыма ерте күткен.
Жолыққанда тіл қатпай, ділгір етіп,
Өкпешіл боп кетіп ем еркелікпен...
Кешір, саған келем деп сан алдадым,
Өміріме өрт жыр боп, алауладың.
Анам – өзің... сонан соң дос болуға
Мен ешкімге, әйтеуір сене алмадым.
Ұшып кеткен мен сені құс демеймін,
(Тас тағдырға қарсылық істемеймін.)
Қадіріңді кеш ұғып, шарасыздан
Ерінімді тек үнсіз тістелеймін.
Арман болған ауырлап өлең жүгін,
Жамылып жарығыңды келем, күнім.
Достықтан туған ұлы махаббаттың –
Мәңгілік екеніне сенем бүгін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Он төртім бе, он бесім бе, беймәлім

  • 0
  • 0

Он төртім бе, он бесім бе, беймәлім,
Сүю жайлы алғашқы рет ойладым.
Өте шықса құрбы бала ысқырып,
Жүгіруші ек қарсы алдына айнаның.

Толық

Ойым орман, оранған үміт сағым

  • 0
  • 0

Ойым орман, оранған үміт сағым,
Тентек сезім қайда сол тұнық шағым.
Жанарына әр жанның жаутаңдайды,
Бала мінез баяғы «ұмытшағың».

Толық

Махаббат күні

  • 0
  • 0

Бүгінгіге аңыз болар кешегі,
Өмір заңы, өшіп, біреу өседі.
Бір кездерде жер мен аспан арасы
Тас қараңғы болған екен деседі.

Толық

Қарап көріңіз