Өлең, жыр, ақындар

Торғай – дүние

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 304
Басымды қысып тұр қысым бір,
Тіршілік... шу тілін түсіндір.
Үмітпен, тас жолдың үстінде,
Торғайлар дән іздеп ұшып жүр.
Ұқсайды көше су, тасқынға,
Барады айналып тас құмға.
Бір торғай жаншылып қалды әні,
Қара “ЗиЛ” табаны астында.
Кішкентай торғайым “әнші” жан,
Сазыңсыз дүние қаңсыған.
Шырылдап ауаға ұшқандай,
Тас жолды бояп бір тамшы қан.
Сезбейсің... сезесің Сен мені,
Сен титтей,
кеңістік кең бе еді
Сезбеді көрмеді шырылдап
Көмекке ешкім де келмеді.
Ұршықтай айналған жердегі,
Тағдырлар тәңірдің ермегі.
Қызғалдақ түсіндей қаныңа –
Ешкім, мән бермеді...
Қас-қағым ішінде ғұмыр бақ,
Көшеде көшеді шуылдап.
Сезімде, көзімде қалды бір,
Торғайым, торғайың шырылдап.
Тіршілік... ұқсайды аш қасқырға,
Қасқырдан тығылып қаштың ба
Ән қалды, саудагер уақыттың –
Тапталып табаны астында.
Торғай жоқ, аумаған тамшыдан,
Еңсемді ауыр ой жаншыған.
Сүреңсіз сурет сап кеткендей,
Тас жолға қызғалдақ тамшы қан.
Қайтейін, кеңдігін аспанның,
Аспансыз көзіме жасты алдым.
Сол торғай сияқты табанға
Жаншылып қалардай жасқандым...
Ұқсайды тіршілік тасқынға,
Тасқыннан тұншығып ащы у ға.
Ән мен жыр бәрі де кетердей –
Дүлей-күш, уақыттың астында.
Жазылмай жүрегім жаралы,
Тамшы қан... ой салды қаралы.
Көзімнен торғайдай дүние
Шырылдап барады...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақын өлді

  • 0
  • 0

Ақын өлді...
Сөз етуде ел дарынын,
Көрсең оның қара киген аруын.
Жанып тұрып ойда жоқта мезгілсіз

Толық

Мені ақын деп білмей-ақ қой, білмесең

  • 0
  • 0

Мені ақын деп білмей-ақ қой, білмесең,
(Көкірегім – жұлдыз толы жыр кесем).
Жыр кесемді быт-шыт етіп кейде бір,
Өз-өзіммен күресіп көп күн кешем...

Толық

Ұлы өмірдің сарқылмас мәңгі өлеңі

  • 0
  • 0

Ұлы өмірдің сарқылмас мәңгі өлеңі,
Талпындырған құштар ғып алға мені.
Тіршіліктің сәулелі туын ұстап,
Тау басынан алаулап таң келеді.

Толық

Қарап көріңіз