Өлең, жыр, ақындар

Ақын өлді

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 311
Ақын өлді...
Сөз етуде ел дарынын,
Көрсең оның қара киген аруын.
Жанып тұрып ойда жоқта мезгілсіз
Сөндірген бір үй секілді жарығын.
Солып қалған гүл секілді қайғыдан,
Қара тұтқан қабақтан көп жайды ұғам.
Тұтқын болып ақын өлең арнаған
Көздеріне қарай алмай қаймығам.
Көзден бұлбұл ұшып кеткен күміс бақ,
Ай сәулесін жүруші еді уыстап.
Ақын жары жапырақтай сарғайған
Газеттің жыр қиындысын жүр ұстап...
Сол газетке сыйған Отан, байтақ қыр,
Сыйған сынды шексіз арман, ой тапқыр.
Қаралы ару алақаны ұя боп,
Ақын жырын балапандай шайқап тұр...
Жапырақтай қағаздан тұр қан жүріп,
Жыр жүрегі соғар солай мәңгілік.
Аттанарда ақын алыс сапарға
Кетті бәрін аманатқа қалдырып.
Жиған «мүлкін» газеттерден қиып көп
Жасты көзбен суретін жүр сүйіп тек,
Жапырақ сыр бәйтерекке айналып
Балапан жыр ұшуы үшін биіктеп...
Жұбатуға қандай сөзді айта алам,
Мен бір сырды сияқтымын байқаған,
Әйел көңілі талпынғандай ақынды
Тірілтіп бір алу үшін қайтадан...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Үмітіңді өмірден үзбе, күнім

  • 0
  • 0

Үмітіңді өмірден үзбе, күнім,
Ұмытылған қырлардың ізде гүлін.
Көктем болып жүрсең сен, көздеріңе
Көрінбей ме құлпырып күзгі өңірің.

Толық

Сыр

  • 0
  • 0

Қырдағы шоқ қызғалдақтай қыз едік,
Қанат жайып біз де бойды түзедік.
Көзімізде көктемдей бір күлкі ойнап,
Қабақтарға көрмеп еді-ау күз еніп.

Толық

Алдадың... оңашаға алып қаштың

  • 0
  • 0

Алдадың... оңашаға алып қаштың,
Күн іздеп арасынан жарық тастың.
Кешпеймін, есім барда кеше алмаймын,
Бақытты етіп сені жарытпаспын.

Толық

Қарап көріңіз