Өлең, жыр, ақындар

Аспанға арыз

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 318
Толғау

Жұлдыздарға мұң шағып ержетіп ем,
Ой талбесік...түн бойы тербетілем.
Адамзатқа қоршаған риза болмай,
Арыз жаздым аспанға жер бетінен.
Қара бұлтқа қарадым, еріткім кеп,
Тіршілік сол...қой қоздап, өрік гүлдеп.
Биіктіктер бәр-бәрін білер деуші ем,
Айнасынан аспанның көріп тұр деп.
Жазықсызды, келмейді жазықты еткім,
(Не болса да келеді жазып кеткім)
Күткеніме көп болды күннен сәуле,
Ол үмітім ақталмай, азып кеттім...
Азбай-тозбай, ентелеп кел, ертеңім,
Жүрегіңнен ақтарып өлең кенін.
Болатынын білмеппін жер үстінде,
Күн сәулесі түспейтін көлеңкенің....
«Құдайсыздар» демейді құдай не дер,
Құлағандар, жығылып, құлай берер.
Күндестікпен күл көсер біреулер бар,
Біреуді олай, біреуді былай көрер.
Сая таппай, сандалды түзден елік,
Жапырақ жайып, жан алған, іздеп өніп.
Бір шыбықтың, көктеген тіршіліктің,
Қысқа жібін қырқады «жүзге» бөліп.
Сен де күттің... адалдық мен де күттім,
Дерттен қашан айығар емделіп түн.
Періштедей бір кезгі сенгендерім,
Пердесін жүр жырта алмай пенделіктің...
Үмітімнен жаға алмай түн шырағын,
Қалды ішімде жауапсыз мың сұрағым.
Орын таппай бір жұтым ауа таппай,
Жер бетінен тарылған тұншығамын.
Мөлдір-әлем... сен болдың сөз еткенім,
Көрмейді «олар» - сылмаса көз еттерін.
Адамнан да, аңдар көп екі аяқты,
Өзімшілдік жайлаған өзектерін.
Зұлымдықтың үзілмей шынжыры әлі,
Сұлулықтың әйнегін сындырады.
Қасіреттің қайнаған қазанында,
Қорлық-зорлық көргендер шыңғырады.
Теңге көзді сұрамай достан қырыз
Арман бар ма, айналсақ дастанға біз?
Айналамнан тыңдайтын адам таппай,
Жан айқайым айтады аспанға арыз.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қарағай мен қайың

  • 0
  • 0

Бірге өсіп тұр қайың менен қарағай,
Жапырағынан сығалайды қарап ай.
Менсінбеген сыңайменен шалқайып,
Қарағайға қайың қыз тұр қарамай...

Толық

Батыр қызға

  • 0
  • 0

Жер жүрегін жүрекпен тыңдап алып,
Емін-еркін жуынып, күнге жарық.
Жеңіс күнге арнап көп гүлдер тердім,
Мен сен үшін, Әлия, қырға барып.

Толық

Сүйсең мені, салыстырма өзгемен

  • 0
  • 0

Сүйсең мені, салыстырма өзгемен,
Кездескенде дәрменсіз ғой сөз деген.
Маңдайдағы көзбен емес, қарасаң,
Қара маған жүректегі көзбенен...

Толық

Қарап көріңіз