Өлең, жыр, ақындар

Тіршілікте құшып ең сан қайыңды

  • 07.11.2021
  • 0
  • 0
  • 334
Тіршілікте құшып ең сан қайыңды,
Жібіте алмай, тамшыға таңдайыңды.
Маңдайыңды сипаған алақаным,
Сипап тұр ғой, енді тас маңдайыңды...
Бойым ауыр тартса да, ойым дүбір,
Тас бетіне қашалып, ойылды жыр.
Куәгер боп көзіммен көріп тұрмын,
Өміріңде көрмеген тойыңды бір...
Жүрегімнен балапан жыр түлеткен,
Сағыныштың жасы ма, бүркіп өткен.
Шабытыңның қуаты-ау Құдаш аға,
Қара бұлтты қақ жарып күркіреткен.
Басып өтіп өмірде түрлі белді,
Түрлі белден есіп бір сырлы желді.
Қарындас боп кеткен ем туған жерден,
Әпкеңдей боп оралып тұрмын енді...
Аппақ сүтке айналып қара бұлт,
Қақты қанат кеудеден жаралы үміт.
Сені жоқтап өксіген таң алдында,
Таңғы ұйқымнан оятты боран ұлып.
Әрбір сөзің түсірген жаныма Күн,
Жалғызсырап, сол күнді сағынамын.
Арман болып тебірентіп, тербетіп ең,
Тербетіп тұр тағы да аруағың.
Тәкаппар ең, иіліп мұңаймаған,
Қоштаспастан кетер деп кім ойлаған?
«Сұлулық боп оят» деп қара қызды,
Жұмсады ма, сені аға құдай маған?
Көрінеді көзіме тас та әдемі,
Шақырғандай аспанға аспан елі.
Жыр еліне, шуақты жүрегіңе,
Сыйлаймын мен жүректен басқа нені?



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Зымырап барады өтіп, өмір, уақыт

  • 0
  • 0

Зымырап барады өтіп, өмір, уақыт.
Толқынға толқындарды жамыратып.
Бәйгеге түсіп озған ақбоз аттай,
Жағаға жатыр теңіз көбік атып.

Толық

Мәңгілік жайлы жыр

  • 0
  • 0

Ақын деген ақының жалған ақын,
Атын айтпа, даңқымен жер жаратын.
Көп шығарып не керек, от шығарған, –
Бір өлеңі болмаса таңданатын.

Толық

Бұлбұл, сенің әнің маған белгілі

  • 0
  • 0

Бұлбұл, сенің әнің маған белгілі,
Әнің сенің жасыл бақша, жер гүлі.
Саған таңсық емес сонша, сеземін,
Қырандардың аспандағы ерлігі.

Толық

Қарап көріңіз