Өлең, жыр, ақындар

Өмірдің таңы, түсі, келер кеші

  • 07.11.2021
  • 0
  • 0
  • 343
Өмірдің таңы, түсі, келер кеші,
Сүйікті болмасақ та ел еркесі.
Ой салып бауырындағы төбелерге,
Түседі биіктердің көлеңкесі.
Жүр бүгін бала ғашық түске оралып,
Емеспіз біреулердей іске қанық.
Жібергім келер емес уысымнан
Жастықтың шалғайынан ұстап алып.
Шық тамбай, көңіл деген гүліме түк,
(Қорыттым, көргенімді білім етіп)
Соңына сайраған бір із қалдырмай,
Ерліксіз бара жатыр күнім өтіп.
Ғасырға ғашық болып туған ақын,
Жөнің жоқ, қуланатын, бұлданатын.
Қалаған тамаша емес, оңашаны,
Көңілім күлкіден де мұңға жақын.
Өмірдің жүріп жатыр көкпар әні,
Әнімді тыңдаған дос жоқтар әлі.
Жанымды түсінер кім, кісілердің,
Сәлемі сатулылау боп барады.
Болғысы келер ойдан әркім азат,
Өмірдің сияқты ма арты ғажап.
Айнала адамдардан сәл артықтау,
Ақылдан жүргендер бар тартып азап.
Ұйқымды таң атқанша он бөлемін,
Белгісіз шаршағаным, шөлдегенім.
Тұрғандай бір ұлы күш айналдырып,
Уақыттың алға қарай дөңгелегін...
Қылығым болса «тентек» кешер аға,
Кәрілік келіп кенет, өш ала ма?
Көзімнен бұбұл дәурен барады ұшып,
Бәрі де сияқты еді-ау кеше ғана...
Қиналам, жүректегі отым үшін,
Алады адам көзін оқып ішім.
Барады ыстық тартып бір кездегі –
Өртеген өзегімді өкіншім,
Қиналам, өшпей қалған отым үшін!...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Түнгі ай

  • 0
  • 0

Түн қабағы ұқсайды ашулы ерге,
Ару дүние дірілдер,
Баяу ағап.
Жасыл аспан ұйыған жасыл көлге,

Толық

Қуанамын көгімде аман тұрса күн

  • 0
  • 0

Қуанамын көгімде аман тұрса күн,
Көзін ашқан еске түсіп гүл шағым.
Құрсағымнан шыққан балам кешегі
Кезіп жүр кең дүниенің құрсағын.

Толық

Өмір дегенің өтпелі, осы-ау демесін

  • 0
  • 0

Өмір дегенің өтпелі, осы-ау демесін,
Арманыңның аударма асау кемесін.
Бұлт қаласын аспанның жарып өтіп,
Жұрт қарасын жүзіңе, қашан келесің?

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар