Өлең, жыр, ақындар

Қуанамын көгімде аман тұрса күн

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 255
Қуанамын көгімде аман тұрса күн,
Көзін ашқан еске түсіп гүл шағым.
Құрсағымнан шыққан балам кешегі
Кезіп жүр кең дүниенің құрсағын.
Бір кездегі «кереметтің» бәрі шын,
Бір кездегі алыс емес алысың.
Үйде отырып вокзалынан Сібірдің
Естідім мен «мама» деген дауысын.
Қарыздармын тұнық аспан, таңға ашық,
Жер қадірін білем десең жолға шық.
Аспандағы телеграф сымдары
Тұрды жүрек тамырына жалғасып...
Аман болсын адамзаттың аспаны,
Аспанымның таусылмайды дастаны.
Есім шығып ести алмай қалдым мен
«Мама» деген бір-ақ сөзден басқаны...
Тұла бойым дүр сілкініп сол күні,
Арнасынан асып көңіл толқыды.
Дауыстаған сияқты алып теңізге
«Мама» деп бір өзендердің толқыны...
Жаңғырықтар жақындап бір, алыстап,
Ұшты уақыт ғасырларды ғарышқа ап.
«Мен ұлыңмын, мама! Мама, ма-ма!» – деп,
Тіл қатқандай аспан жерге дауыстап.
«Мама» деп бір, жаңғырықты тау бүгін,
Білдіріп тез амандығын, саулығын.
Көкжиектен көкжиекке асығып,
«Мама» деп бір қақты қанат таңғы Күн!..
Қиял мінген шындық құсым бір самғап,
Босағамнан кетпейтіндей қусам бақ.
Тар құрсақтан шыққан балам шырылдап,
Емін-еркін кең дүниені жүр шарлап.
Келді солай сырттан үйге жаңа леп,
Жаңа леппен жан-жүректе жанады от.
Талып жеткен даусыменен баламның
Бүкіл дүние тұрғандай бір «мама» деп!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақ бұлақ, жеткізбейсің қашқан атқа

  • 0
  • 0

Ақ бұлақ, жеткізбейсің қашқан атқа,
Қайталап бір ағысты бір ағысың.
Төккендей күміс теңге тас-табаққа,
Толқының паш етеді бұла күшін.

Толық

Ана қайың

  • 0
  • 0

Соққан желге жұлмалап, күйініп тұр,
Көкірегіне көз жасы құйылып бір.
Сынып түскен ақ қайың сабағына
Тіл қата алмай, дәрменсіз иіліп тұр.

Толық

Қатайтты сені, бәлкім, өмір білем

  • 0
  • 0

Қатайтты сені, бәлкім, өмір білем,
Жас өндір жігіттердің көңіл гүлі ең.
Сезімің селк ететін сәл нәрседен,
Аққудың айдындағы көгілдірі ең.

Толық

Қарап көріңіз