Өлең, жыр, ақындар

Үйдегі гүл

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 329
Маңайына, құпия сырды жайып,
Мүсәпір хал, болады кімге лайық.
Қас-қабақты бағып бір үйдегі гүл,
Жетім сәби секілді тұр мұңайып.
Сезіледі сары тап, қайғы өңінен,
Түні бойы аймалап ай көгінен.
Мынау жарық дүниеге, күн көзіне
Терезенің қарайды әйнегінен.
Үйдегі гүл, үй саған байтақ алаң,
Қасіретіңді мен қалай байқамағам?.
Қауызыңнан таңдағы шық мөлдіреп,
Жапырағыңды жел үрлеп, шайқамаған.
Өмір қандай, білесің өлім қандай,
Тамыр тәнің тасқа кеп соғылғандай.
Шөлмектей боп, шөлмекпен құйған суға,
Шөлдеп жүдеп тұрасың, шөлің қанбай.
Әлдекімнің баққан бір қас-қабағын,
Тірлігіңді ойлауға жасқанамын.
Үйдегі гүл, қарайсың өлі көзбен,
Тас табытқа айналып тас табағың...
Үйдің гүлі, өзің боп өзіңменен,
Қысы-жазы жайың бар көз ілмеген.
Жалынымен сіңіріп күн бояуын,
Тамырмен жер нәрін сезінбеген.
Қабылдайсың, көңілсіз, қалғып үнді,
Сағындың ба, үй гүлі, таңғы күнді.
Жылуы жоқ даламның иісі жоқ,
Үйдің гүлі, аяймын тағдырыңды.
Айғайламас әлемге күн «шықтым» деп,
Келе жатыр көзімнен бір шық гүлдеп.
Мұңды жанға мұң шағып тұрғандайсың
Күнсіз, үнсіз туғаннан тұншықтым деп.
Сайрап жатыр өзінше бұлбұл әлем,
(Әлің жетсе, әйнекті сындырар ең)
Үйдің гүлі, тіл бітсе егер саған,
«Кең далаға кетем» деп шыңғырар ең...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Таңғы күн

  • 0
  • 0

Айтар едім айқайлап тыңдаса мен,
Бүгін туған баламен құрдас әлем.
Таңғы аспаннан жарқырап күліп шыққан,
Алдыменен берейін күнге сәлем.

Толық

Көздерімде күні тұрды аспанның

  • 0
  • 0

Қалған мезгіл болар, бәлкім, таң атып,
Ажал мерген құлатыпты мені атып.
Қос жанары жабылмаған басымды
Таулар жаққа койған екен қаратып...

Толық

Аспан құмар жаным құс, түрме тәнім

  • 0
  • 0

Аспан құмар жаным құс, түрме тәнім,
Тәнге көнбей, биікке тіл қатамын.
Сеземін мен, еңкейіп көкжиеке,
Шыққан күннің алаулап бір батарын.

Толық

Қарап көріңіз