Өлең, жыр, ақындар

Көздерімде күні тұрды аспанның

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 247
Қалған мезгіл болар, бәлкім, таң атып,
Ажал мерген құлатыпты мені атып.
Қос жанары жабылмаған басымды
Таулар жаққа койған екен қаратып...
Бірі болып тоқтаған от жүректің,
Түсімді сол оянғанда жыр еттім.
Жарық дүние қызығына тоймаған
Өз көзімді өзім көріп дір еттім.
Қабағымен тілдескендей жай, ымдап,
Қабірімді жүр біреулер дайындап.
Қос жанарым ашық жатыр, өмірге
Келіп-кету заңдылығын мойындап.
Азығына тура келген аңшыдай,
Ажалым тұр ардың атын қамшылай.
Жерге сіңіп бара жаттым бабамның
Жанарынан құлап түскен тамшыдай...
Қас қағымда сезім кештім мәңгілік,
Тас-түнектен жылтыраған таңғы үміт.
Сүйіктім кеп сүйді солғын ернімнен,
Көздеріме өз суретін қалдырып.
Ұмытыппын сүйгенімнің есімін,
Өлгеннен соң табыт болып бесігім.
Өкіндім дос көп қателік жіберіп,
Кеткеніме сұрамай түк кешірім.
Қандай бақыт маңдайыма сыймады,
Қандай уақыт жарық дүние сыйлады?
Өлгеннен соң бір басыма өмірдің
Қайта айналып соқпайтыны қинады.
Жерлерге көп жете алмаппын діттеген,
Мен тағдырдан бұл өлімді күтпеп ем.
Босқа өткен өміріме өкіндім,
Басталғанмен аяқталып бітпеген...
Тірілерге жүргізетін жарлығын
Ажалға сол ұстап тәккапарлығым,
Көрер көзге жатқандаймын тындырып
Өмірдегі істерімнің барлығын.
Бір ғасырға пара-пар боп жыл, айлар,
Жыл, айларым қадамымды санайды әр.
Жүріп өтті жүрегімнен, миымнан
Қас-қағымның арасында бұл ойлар.
Өтті солай қорқынышты бір түнім,
«Түс дегенің құйрығы ғой түлкінің».
Дір-дір етіп жылап тұрды көктегі
Жалғыз жұлдыз шегелеген кірпігім...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көп күттірген сағынышым аңсаған

  • 0
  • 0

Көп күттірген сағынышым аңсаған,
Өз алдыңда өлең оқып, ән салам.
Аман-есен көргеніме қуанып,
Мен өзіңді жыл келгендей қарсы алам.

Толық

Күлімдеген Күн үнсіз

  • 0
  • 0

Күлімдеген Күн үнсіз,
Дірілдеген Ай үнсіз.
Не боламын тілімсіз,
Тілсіз өмір қайырсыз.

Толық

Білмеймін кімге жылап, кімге сенем

  • 0
  • 0

Білмеймін кімге жылап, кімге сенем,
Шоқ іздеп қолым күйді күл көсеген.
Мұнарды көңілімді мұң басқанда,
Сәуле ішкім келеді бір Күн кеседен...

Толық

Қарап көріңіз