Өлең, жыр, ақындар

Қанат мәселесі

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 344
— Қанат бергем, — деді жігіт бір күліп,
бірер жылы сөз айтқанын пұл ғылып.
— Қанат берер табиғат па ең,
Қорлық-ай,
сірә, тірлік ете алмаспын мен бұлай.
— Қанат бергем, мына ағаңды таны, — деп
Қайталады ол,
Қарасы аз, ағы көп
көздерімен жеп барады; сан рет
бір сөз үшін кіржіңдесіп қалып ек.
Біреу мені санасызсың деп тепті,
біреу мені панасызсың деп тепті.
Шыдай-шыдай мен де кейде деп кеттім,
санасызға саңылау да жетпепті —
кетті, кетті, есем кетті, көп кетті.
"Алар" жанға ұсап тұрса бет-өңің,
Сап, сап дедім, "беру" сенің не теңің!
Жапалаққа "Жапеке" деу — білуші ем —
Қыранға да кешірімсіз екенін.
Өзгелерден жақсылықты көп көрдім,
Көп көрдім мен, өзімнен де көп көрдім.
Жақсылығым өзіме-өзім жасаған:
Бар күнімді тек еңбекпен өткердім.
Ұсақ талап, ұсақ тірлік күнде өстіп
мазаңды алар күндестік пен білместік.
Жалған-жалған жанашырлық, арыз бар —
Тыр жалаңаш жанға соның бәрі ызғар.
Әр-берден соң тірі жүргенің үшін
секілдісің әлдекімге қарыздар.
Пырақ емен, желік те жоқ, жоқ қанат,
жабы да емен әркім мінер ноқталап.
Бірақ көп жұрт артына ұстап жүгенін
айналсоқтап жүретінін білемін.
Көргенсіз бе, көсем бе, әлде, құл ма анық:
— Қанат бергем! — Қызық халық бұл халық.
Шын-ақ "қанат берген" жандар тұл қалып,
ағам отыр айдалада бұлданып:
Гималайға биік берген секілді,
Алатауға иық берген секілді,
Өзі ұшқалы отырғанда қанатын
Мен, мен үшін қиып берген секілді.
— Қанат бергем шарласын деп биікті,
шәкірттердің болмағаны — күйік бұл
шойырылтып тастайды екен беліңнен.
Бермедің деу ұят екен:
— Ей, ұстазым, сүйіктім,
Жапалақтың қанатынан, дедім мен,
аяғы артық киіктің!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күндер

  • 0
  • 0

...Осынау бір жер бетіне
Қараймын ғой тербетіле.
Қабатына ғасырлардың
Жасырған ой, жасырған мұң,

Толық

Тарих-этнография

  • 0
  • 0

Қалың елге бірінші жау шапқанда,
жауға қарсы жалғыз батыр аттанған.
Қалың елге екінші жау шапқанда
жауға қарсы дүйім халық аттанған.

Толық

Қара өлең

  • 0
  • 0

Өлеңіне қазақтың күпі кигізер едім,
күпісі бар өзінің — керегі не, керегі.
Өлеңіне қазақтың шекпен кигізер едім,
Шекпені де бар оның — керегі не, керегі.

Толық

Қарап көріңіз