Өлең, жыр, ақындар

Сарыарқада сардарым

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 539
(Қабанбай батырдың рухына)

Жаза бассам жаңылып, шамырқанба, Киелім,
Бір өзіңе сыйынып, сөзден сауыт киемін.
Дамыл алып жатқандай ұлан­байтақ қазақтың
Әрбір сүйем жерінде сенің асыл сүйегің.
Сарыарқада, Сардарым, көтерілді күмбезің,
Жалт қаратып мұнартқан айдың жүзін, күн көзін.
Жеңіп бітіп жауыңды, кеттің бе ұшып ғарышқа,
Ғайып болып Ғайсадай жер бетінен мүлде өзің?
Сені қойған куә жоқ өз қолымен қабырға,
Тірілердің басыңа тіккен үйін қабылда.
Мәңгі мызғып жатырсың Хантәңірі, Қаратау,
Тарбағатай, Түркістан, бәлкім, Алтай, Сауырда.
Тыным бермей тәніңе жарық дүние тарлығы,
Топырағыңды жасыртқан Жаратқанның жарлығы.
Білетінім жалғыз­ақ – жаның сенің жәннатта,
Аруағыңа қарыздар бұл қазақтың барлығы.
Жауар күндей күркіреп сен қорғадың күллі елді,
Күллі дала дүркіреп атыңды атар күн келді.
Дарабозым, рухыңа төбе сайын дұға оқып,
Әсте көптік етпейді орнатсақ та мың белгі.
Салмақ түссе бел сынар – еңіреген ер шыдар,
Қаһарманы жоқ елдің көзден жасы тамшылар.
Астананың түбінде Көк Туыңды күзетіп,
Терістікке жон беріп жатқаның да жөн шығар!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жыр-шашу

  • 0
  • 0

«Бісмілла!» деп сыйынып, ауызға алып Алла атын,
Қызыл тілім толғасын Құл­Мұхаммед зәузатын.
Қызыр баба о бастан тірісіне бақ сыйлап,
Өлісіне бұйыртқан о дүниенің жәннатын.

Толық

Махаббат назы

  • 0
  • 0

Аялағаным, саялағаным, бағалағаным бағыма,
Еркелей басып, құшағыңды ашып, жақындау келші жаныма.
Еркіңе көнбей, толқыған көлдей, шалқыған желдей, шіркін­-ай,
Өзіңе мәлім өмірдің әнін қозғашы, жаным, сағына.

Толық

Хат

  • 0
  • 0

Ағажан,
Көкпар қайда, торы ат қайда?
Будақ шаң енді қайтып боратпай ма?
Соңына сопаң етіп шыға келер,

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер