Өлең, жыр, ақындар

Соңғы жұлдыз сырғығанша

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 458
І
Сайрашы тамылжытып, таң бұлбұлы,
Бірауық жеңілдесін тағдыр жүгі.
Үніңмен үмітімді жалғай тұршы,
Үлбіреп үзілгенше жанның гүлі.
Жұтайын төксең­дағы жырды қанша,
Төбемнен соңғы жұлдыз сырғығанша.
Күн шығып, құстар шулап, жұрт оянып,
Сұр жылан жер бауырлап жылжығанша.
Басталса тіршіліктің арпалысы,
Тек жатпас аспан менен жер тағысы.
Сайрашы, жүрегіме нұрын құйсын
Осы бір таңның таза қалтарысы.
Ғұмырын жырға қосқан күндіз өткен,
Мен де бір, байғыз да бір түн күзеткен.
Бұлбұлым, білемісің, кең дүние
Сағына күтіп отыр бізді көптен.

ІІ
Сарқылғанда сабасынан күншуақ,
Түн түбінен шақырады бір шырақ.
Жұмыртқадан жырлап шыққан төл құсым,
Саған да ертең уақыт жетер тыншымақ.
Өз әлінше әркім сайрар бұл күні,
Жырла, менің өз бақшамның бұлбұлы.
Сылаң қаққан сұлу аттай ғұмырдың
Қолдан сусып кеткенінше шылбыры.
Кең ғаламды отырғанмен ойға алып,
Жердің шарын шыға алмаспын айналып.
Тұмардай боп атамекен төсінде,
Топырағым мәңгі жатар байланып.
Елең қылмай екі дүние соғысын,
Жырла ғажап ғасырлардың тоғысын.
Сусынымды қандыр әлем сырына,
Құйттай құсым, жаралдың ғой сол үшін.
Жалықпастан барлығын да жырлап бақ,
Сенің бағаң бара жатыр қымбаттап.
Талбесіктің тәтті әуенін тербеші,
Жер­бесікке салса мені құндақтап...

ІІІ
Тәуекелге жаным менің тас түйін,
Сен болмасаң, өмір құны – бес тиын.
Уілдеші бесіктегі сәбидей,
Іңкәр сезім, үніңді бір естиін.
Уілдеші, уілдеші, әлдиім,
Саған аян менің жұмбақ жан күйім.
Сеніменен таңда бірге оянып,
Сеніменен кеште бірге қалғиын.
Уілдеші, ойды оятып ұйқыдан,
Ләззатына бөлесін бір сиқыр ән.
Селт етпесе өз обалы өзіне,
Шошынбашы тас кереңнің сиқынан.
Менің жаным сенің тәтті үніңде,
Сенің жаның тіршіліктің гүлінде.
Сайрашы бір нәзік құстың тілінде,
Жата бермей жүрегімнің түбінде.
Сайрашы бір, серпілейін, сергиін,
Өмір деген – өте шығар жел­құйын.
Зарыққанда өзің іздеп келмесең,
Періштем­ау, саған барар жол қиын!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кеудеңіз күміс қобди

  • 0
  • 0

Үкідей үлпілдеген Төлек аға,
Үлгісің үлкенге де, балаға да!
Алпысты әлдекімдер асқар деп жүр,
Сіз үшін желіп шығар төбе ғана!

Толық

Траур

  • 0
  • 0

Шошынып бейбіт күн,
Оқ тағы сөйледі.
Қып-қызыл
Бейруттың

Толық

Боздағым-ай!

  • 0
  • 0

Дүние, жұмбақ едің, шіркін, неткен,
Аққулар орала ма былтыр кеткен?
Аққулар оралса да былтыр кеткен,
Боздақтар оралмайды­ау қыршын кеткен.

Толық

Қарап көріңіз