Өлең, жыр, ақындар

Ел қыдырған есекдәме

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 330
Ғазал жазып күңіренгенмен мен емеспін Науаиы,
Бұл қазаққа қысылғанда қара өлең ғой оңайы.
Ел қыдырған есекдәме енді уызға жарытпас,
Беріш емшек бедеу сөздің келгенменен нобайы.
«Болмасаң да ұқсап бақ» деп асқар шыңды нұсқады
Адамзатқа асу бермес ақыл­ойдың Абайы.
Баста бетін бүркегенмен арты ашылмас дүние жоқ,
Жұртқа сырын алдырады жүгіргеннің талайы.
Ақ сандықты аптағанмен алтын болмас сары жез,
Күптегенмен күміс болмас сырты жылтыр қалайы.
Көркем өмір айырылмас кереметтей көркінен,
Ат қорадай былғанбаса тіршіліктің сарайы.
Туған сәби талпынған соң тартар тұрмыс азабын,
Үлбіреген жас үміттің ағарғанша самайы.
Майпаңдаған сайқалдық пен сұрқиялық – сыпайы,
Айқайлаған ащы шындық әрқашан да – анайы.
Көк аспан мен қара жерге ешкім үкім жүргізбес,
Қарақұрым қалың пенде – бір құдайдың малайы.
Шаңнан жүзі көрінбейді патша қақса етегін,
Ібілістің ұясындай ұлықтардың маңайы.
Төбет көрген мысықтайын молда қашар мешіттен,
Тәңіріге тәуап қылса таудан түскен жабайы.
Ей, ақыным, нали берме, күн қылтиып көрінер,
Түн жиегін әдіптесе атар таңның арайы!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Біздің таулар

  • 0
  • 0

Алқам-салқам қойнауы, аңғал-саңғал,
Тау ішінде көп сыр бар, аңғарсаңдар.
Қабақ түйе қарайды қажығандай,
Кәрі жартас бет-аузы шалбар-шалбар.

Толық

Аруақтарды ұмытпай

  • 0
  • 0

Қара тоқты түсімде босағамнан маңырап,
Күбірлеймін ішімнен, көкірегім қаңырап.
Керегенің көзінен қол созады дәметіп,
Көмусіз де кебінсіз қалың аруақ жамырап.

Толық

Естайды еске алу

  • 0
  • 0

Қорландай асыл жарды арман еткен,
Аһ ұрып, ақын Естай зарлап өткен.
Қабағы тас түйілген тағдыр барда,
Қай кезде дегеніне пенде жеткен?

Толық

Қарап көріңіз