Өлең, жыр, ақындар

Біздің таулар

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 338
Алқам-салқам қойнауы, аңғал-саңғал,
Тау ішінде көп сыр бар, аңғарсаңдар.
Қабақ түйе қарайды қажығандай,
Кәрі жартас бет-аузы шалбар-шалбар.
Ата таулар көңілін торықтырып,
Талай түмен өткен-ау жорық қылып.
Бара-бара басқандай бетін әжім,
Қиянат пен қырғынды көріп тұрып.
Бұл таулармен кім жүріп, кім өтпеген,
Бұл тауларды заман жоқ жүдетпеген.
Ботасынан айырылған боз інгендей,
Бұл таулардың көз жасы шүмектеген.
Бұл тауларды жан-жақтан жұлқылаған,
Түре қуып жылқысын шұрқыраған.
Бүтін жатқан тасына сызат түссе,
Бұғысының мүйізі сырқыраған.
Ойран болған елінің жұрты қалып,
Күңіренген бұл таулар үн шығарып.
Ақша бұлттар айналып орамалға,
Тұрған сонда көз жасын сүртіп алып.
Жаралғалы байғұстар не көрмеген,
Не көрмеген?
Сонда да көнермеген.
Қарт батырлар секілді біздің таулар,
Сан ғасырлар ұйқысыз елеңдеген.
Сая болып паналап келген елге,
Сусын берген бұл таулар шөлдегенге.
Аман-есен жеткізген мына бізге,
Қазынасын тонатпай көлденеңге.
Қаратау мен Алатау, Алтайым да
Ерік бермес мезгілсіз қартаюға.
Өткен-кеткен дәуірін ойға тоқып,
Жайбарақат батырлар жантаюда!..

1979



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қызығасың құстарға

  • 0
  • 0

Табанымның астында дірілдейді жар басы,
Опырылып түсердей шетін бассаң болмашы.
Тірлік торын тоқыған, қолы шебер Тәңірім,
Жібін созып жылдардың, сәл-пәл ғана жалғашы.

Толық

Елестейді көзіме

  • 0
  • 0

Төрт түлігім дін аман, сау тұрғанда,
Тіске басар талшығым таусылған ба?
Төлдерімді сақтай гөр, киелі ата,
Топалаңнан, түйнектен, аусылдан да.

Толық

Тарақтыда тарлан көп

  • 0
  • 0

Сөз тәңірі, медет бер,
Қызыл тілім демеп көр!
Домбырамды қолға алсам,
Он саусағым дедектер.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер