Өлең, жыр, ақындар

Алықұл аға

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 293
Алықұл аға, сөз сөйлеп тұрмын тойыңда,
Найзағай ойнап, бұлттар күркіреп ойымда.
Байтақ даладан тұйғындай ұшып жеттім мен,
Бүкіл қазақтың сәлемін артып мойынға.
Алдыңа келіп, ағалап тұрмын міне енді,
Тудай көтеріп жырыңнан алған жігерді.
Бішкекке елім жіберген жоқ қой ішпекке,
Ұлы ақынға тағзым етуге жіберді.
Аспаннан кенет періште үні жеткендей,
Табынам саған, Тәңірге тағзым еткендей.
Аранын ашып, ақырған ақ бас бурадай
Тағдыр да бүгін алдыңа келіп шөккендей.
Жаныңды сенің жегідей жепті ел мұңы,
Мезгілсіз босап өмірдің алтын белдігі.
Өткенді қозғап, кеткенді қуып қайтемін,
Дала мен таудың тарихы саған белгілі.
Асыл ағатай, жарқын жүзіңді көргем жоқ,
Құлатыпты ерте қаскүнем ажал мерген боп.
Сенің ғұмырың жетпеген жерге кешегі
Жырларың жетті Алатау асып, керуендеп.
Жатыпсың жалғыз, таңдайың кеуіп қаталап,
Көзіңнің жасы мөлдір жырыңдай боталап.
Сенетін досың өлетін сәтте табылмай,
Қасыңнан безіп кеткені жанға батады-ақ!
Өлімнің мәңгі орына сені түсті деп,
Сүйінші тілеп, қарғалар шулап ұшты кеп.
Арам ниетті ол байғұстардың сорына,
Сен шықтың бірақ ажалдан-дағы күшті боп.
Отырсаң бүгін қасқайып тойдың төрінде,
Тарқайтын еді шемендей қатқан шерім де.
Қазақ пен қырғыз талантты туған ұлдарын
Жүндегіш келер, күндегіш келер тегінде.
Алықұл аға, осыған кейде таңғалам,
Не қылған жұртпыз қорықпайтын тіпті Алладан?
Өлердей болдық жүрекке түскен жара мен
Өшпестей болып сүйекке түскен таңбадан.
Ежелден біздер ел емес пе едік тамаша,
Күн туса басқа, түсетін досқа араша.
Қырғыздың тауда күшігі жатты қыңсылап,
Ой жақта бөрі қазақтың итін таласа.
Ел емес пе едік бөліскен көңіл тұнығын,
Құзғынға қимас қыранға лайық тұғырын.
Сарыарқадағы сырқырады өгіз мүйізі,
Алатаудағы мүйізі сынса бұғының.
Ақ туын ұстап ұрандап шықсақ Алаштың,
Қосылды қырғыз суындай тасып Таластың.
Тауымыз да ортақ, жауымыз да ортақ халықпыз,
Пір тұтқан атын Қобыланды менен Манастың.
Аяулы аға, сен де айттың кеше осыны,
Ұлан ойларың үріккен еліктей жосыды.
Екі елді бірдей емірене сүйген жүрегің
Сұрқай заманның сұсынан қатты шошыды.
Арман мен үміт көп еді алдан сен күткен,
Отыз бес жаста өмірден көштің ерлікпен.
Үніңді дереу жартастар түгел жаңғыртып,
Ізіңді дереу әкетті жалғап жол біткен.
Зарыңды айтып, барыңды айтып жасырмай,
Жарқ етіп ақтың аспанды тілген жасындай.
Қырғызға біттің Алықұл Осмонұлы боп,
Қазаққа біткен Аманжолұлы Қасымдай.
Алықұл аға, рухыңа сенің мұң шағам,
Бауырың едім жырыңа жастан сусаған.
Ағаңның тойын атқарып кел деп жіберді,
Қалың қазағың осында мені жұмсаған!

1987



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Семей

  • 0
  • 0

Бүгінгі жұртқа мәлім Жаңа Семей,
Немене кешегі Алаш қаласы емей?
Шешесін көзге шұқып туған қызы,
Көрінді әкесіне баласы өгей.

Толық

Жесір

  • 0
  • 0

Жарын жоқтап зар қағады бір жесір,
Қаралыға қан жұтқызып тіл кесір.
Нұры шалқып нәзік әйел жанының,
Бұрынғыдай төкпейді енді гүлге сыр.

Толық

Қайырылмас өлім кемесі

  • 0
  • 0

Табытта жатыр ақынның абзал денесі,
Табыт па, сірә, өмірдің ақтық елесі?
Кетеді қазір ғайып боп көзден бұлдырап,
Қаралы табыт – қайырылмас өлім кемесі.

Толық

Қарап көріңіз